Мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенді өлтірген адам Жоғарғы сотқа кассациялық шағым түсірді
Жарияланған күні:
Читать на русскомМәнерлеп сырғанаушы Денис Тенді өлтірді деп сотталған Арман Құдайбергенов Жоғарғы сотқа кассациялық шағым түсірді. Іс судьяға жіберіліп, 8 тамызда қаралады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Кассациялық шағым туралы ақпарат Жоғарғы сот сайтындағы сот кеңсесінде пайда болды. Дегенмен іс материалдары жарияланбаған.
Іс биыл 16 шілдеде судьяға жіберілгені, ал сот отырысы 8 тамызда өтетіні көрсетілген.
Айта кетейік, сот кеңсесінде бір ғана сотталушының аты-жөні көрсетілген. Мәнерлеп сырғанаушыны өлтіргені үшін сотталған Нұралы Қиясовқа қатысты оның кассациялық шағым түсірген-түсірмегені туралы мәлімет жоқ.
Еске сала кетсек, 2018 жылы 19 маусымда танымал мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен көлік ұрыларының қолынан қаза тапты. Артынша, спортшының өліміне күдіктілер ұсталды.
Олардың бірі Жамбыл облысының тұрғыны Нұралы Қиясов болса, екіншісі Қызылорда облысының азаматы Арман Құдайбергенов болып шықты. Олар 19 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сонымен бірге қылмысты жасырды деп айыпталған Жанар Толыбаева 4 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2145249-manerlep-syrganaushy-denis-tendi-oltirgen-adam-zhogargy-sotqa-kassatsiialyq-shagym-tusirdi/