Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"1,5 жылдан бері жалақы алмаған": Шымкентте жұмысшылар өздері салған үйді бұзатынын айтты

Жарияланған күні:

Жұмысшылар. Фото
Жұмысшылар. Фото: КТК арнасы

Шымкентте жалақысыз қалған жұмысшылар салынып біткен үйлерді бұзамыз деп мәлімдеді. Құрылысшылар 1,5 жылдан астам уақыт жалақы алмағанын айтты, деп хабарлайды КТК арнасы.

Телеарна ақпаратынша, 400 жұмысшы әлі күнге дейін ақшаларын ала алмаған.

Жұмысшылардың айтуынша, басшылық қарызды өтеуден бас тартпайды, бірақ іс сөзден әріге бармайды.

Сондай-ақ құрылысшылардың айтуынша, соңғы уақытта кәсіпкер қоңырауларға жауап беруді қойған. Олар өздері салған үйлерді бұзып, құрылыс материалдарын сатудан басқа амал қалмады деп отыр.

"Біреуі үйінде нансыз отыр. Кредиттерін төлей алмай, үстемақы жүріп жатыр. Оның бәрін ертең фирма төлеп бермейді ғой. Біздің талабымыз – еңбекақымызды берсін. Ақшаны жұмысшыларға таратып берейік", - деді жұмысшы Арман Әкімбаев.

Ал тағы бір жұмысшы кірпіштерін бұзып, соны сатудан басқа амал қалмады деп отыр.

"Кірпішін бұзсақ болады, құбырын бұзып, алып кетсек болады. Соған кеп тұрмыз, соған тақалып тұр, шынына келгенде. Енді солай айғайлатып сатамыз, басқа не істейміз?! Осы апта төлемесе, сөйтеміз енді", - деді жұмысшы Ардақ Өтепбергенов.

Телеарна ақпаратынша, бұл үйлердің құны шамамен 600 миллион теңге тұрады екен. Тапсырыс берген қалалық құрылыс басқармасы ақшаның бір бөлігін мердігерге беріпті.

"Қазір ол кісілер жоқ. "Медина групп" деген. Бірақ бізде орындалған жұмыс бойынша актілерін бізге ұсынған. Ақша толық аударылмаған, ол кісілерге. Басшылар тарапынан келіссөздер жүргізілуде. Әкімшілік тарапынан ықпал жасалады, осы кісілердің еңбекақыларын беру бойынша. Ықпал еткенде, бастықтармен түсіндірме жүргізіп, бәрін жеткізіп, осындай жағдай орын алып жатыр, әлеуметтік шиеленіс болуы мүмкін, алдын алу керек деген сияқты нәрселер айтылады", - деді Шымкент құрылыс басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Мақсат Иманәлиев.

Бұл жайтқа пікір білдірген еңбек инспекциясы жұмысшылардың құқықтары бұзылғанын мәлімдеді. Алайда құрылыс компаниясы Шымкентте емес, Алматы қаласында орналасқандықтан, өтініш оның тіркелген жеріне ауыстырылады.

Телеарна тілшілерінің хабарлауынша, компания басшысының өзі телефон қоңырауларына жауап бермейді және жанжалға қатысты әзірге түсініктеме бермеген.

"Ауызша келіссе де, ол сол жұмысқа түскен күннен бастап еңбек қатынастары туындады деген есепті білдіреді. Сондықтан қызметкерлер арасында осы соңғы айлықтарын алғаны жөнінде түбіртектері бар екен, компания атынан. Сол үшін түбіртектерді, біз арыз формаларын беріп кеттік. Соны бізге қарап жібереді", - деді Шымкент қаласы Еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов.

Дереккөз: КТК

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2145555-1-5-zhyldan-beri-zhalaqy-almagan-shymkentte-zhumysshylar-salyngan-uilerdi-buzatynyn-aitty/