Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Келінім - екінші бапкері": ұлы Олимпиаданың финалына шыққан Демеу Жадыраевтың анасы әсерін бөлісті

Жарияланған күні:

Демеу Жадыраевтың анасы. Фото
Демеу Жадыраевтың анасы. Фото: telegram.org/@almatregion

Олимпиада жүлдегері қазақстандық балуан Демеу Жадыраев Париж Олимпиадасының финалына шыққан еді. Спортшының анасы ойын барысында біраз толқыныста болғанын айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Өзі кішкентайынан сондайды (спортты - ред.ескертпесі) жақсы көретін. Папасы Жұмахан Тұрғанбекке апарып, осы баламнан бірдеңе шыға ма екен деп қолына тапсырды. Одан бері талай жыл өтті. Әкесі 23 жыл бұрын дүниеден өтіп кетті. Жұмаханның үйінің жанында кішкентай ғана бөлме болды, сол жерде дайындалып өсті.

Оңай емес, толқисың, балама бірдеңе болып қалар ма екен, жығылып қалар ма екен деп. Ол кезде кішкентай ғой. Кейін үлкейе келе үшінші сыныптан бастады ғой. 4-5 сыныпта ең алғаш Жұмахан Бішкекке алып барды. Сол кезде бірінші орынды алды, өте қатты қуандық", - деді спортшының анасы.

Анасының сөзінше, бұған дейінгі жарыста жеңіліс тапқан спортшы қатты күйзеліске ұшыраған. Ал биыл Демеу Жадыраев үшін жақсылыққа толы болып отыр.

"Биыл баламның жылы болып отыр. Дүниеге кішкентай нәресте келді. Келініме рақмет! Қазір қолымда екеуі, бірақ мен кейде болмай қаламын. Сонда келінім екінші бапкері болып тұр ғой.

Алдында күрес кезінде мен барайын дегенде, "сіз барсаңыз мен күреске қатыспаймын" дейтін. Көрмейтінмін. Қазір енді үлкейді, ақыл кірді ғой деп күрестерін көремін. Кейде енді бұлай істеме, былай істе, денсаулығыңды күт деп түнімен ұйықтамайтын кездерім болған.

Спортшының анасы, баласы қайта жеңіліп қалар деп уайымдағанын жасырмады.

"Тағы жеңіліп қалар ма екен деген толқыныс көп болды. Жеңген кезде бәріміз секіріп бала-шағамызбен бірге қуандық. Кеше келіп қалар ма деп күтіп отырдық. Әкімшіліктен адамдар келді, достары келді. Бішкектен келгенде де достары енді Парижге барып орын алып келіңдер, сыйлығымыз көп деп құрметтеп шығарып салды.

Сыртқа 15 күнге сборға барып келді. Балам Алматыға келдім дегенде күнбе күн барып, қалын біліп, кішкентайын көріп, батамды беріп кеткенмін", - деді анасы.

Айта кетейік, Жұмахан Тұрғанбеков грек-рим күресінен Бейжің Олимпиадасының күміс, әлем чемпионатының қола жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев пен әлем чемпионатының және Азия біріншілігінің күміс, қола жүлдегері Демеу Жадыраевтың ұстазы.

Еске салсақ, Демеу Жадыраев Париж Олимпиадасының финалына шықты. Ол бүгін, 7 тамызда Жапония өкілі Нао Кусакамен Олимпиада алтыны үшін күреседі. Финалдық кезең сағат 21:15-те басталады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2145978-tagy-zhengilip-qala-ma-dep-tolqydyq-demeu-zhadyraevtyng-anasy-sezimimen-bolisti/