Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шұжық сатып аларда не нәрсеге мән беру қажет

Жарияланған күні:

Шұжық
Көрнекі фото: pixabay.com

Қазақстанда шұжық өнімінің сапасы туралы қайта айтыла бастады. Мерзімі өткен шұжық Павлодар облысының тұрғындары үшін қауіпке айналды. Сапалысын, ең бастысы денсаулық үшін қауіпсізін қалай таңдауға болатыны туралы кеңеспен тұтынушылар құқықтарын қорғау қоғамдық бірлестігінің сарапшысы Жанна Биятан бөлісті.

Ресейлік "Агрофирма Ариант" сауда таңбасындағы "Грильге арналған шұжықтар" құс етінен пісірілген шұжық өнімі, өндіруші: Челябинск облысы, Соснов ауданы, Серозак кенті теміржол ст., Павлодар облысындағы қоғамдықтар мен құқыққорғаушылардың "нысанасына" ілінді.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Павлодар облысы бойынша "Ұлттық сараптама орталығы" аккредиттелген зертханасы филиалына аталмыш шұжық өнімі Қазақстан Республикасы заңнамасының барлық қауіпсіздік талаптары мен Кеден одағы "Ет және ет өнімі қауіпсіздігі туралы" (КО ТР 034/2013) және "Тағамдық өнімдерді таңбалауға қатысты" (КО ТР 022/20211) техникалық регламенттеріне сәйкестігін анықтау үшін жеткізілді.

Сапасыз мерзімі өткен өнімдерде кейде өмірге қауіпті, стафилококк, ішек таяқшасы, клостридия, сальмонелла және басқалар секілді бактериялар жүруі ғажап емес. Бұл микроорганизмдер ересектердің, сондай-ақ балалардың уланудың ауыр түріне әкелуі әбден мүмкін. "Уақыты өткен өнімдерді" тағамға пайдаланудың соңы денсаулық үшін ауыр жағдайларға: диарея, құсу, құрысып қалу, температура, түсік тастау, созылмалы аурулардың ушығуы сияқты ауру түрлеріне ұшыратары сөзсіз.

Шұжық
Фото: Биятан Жанна

Зерттеу нәтижелері сәйкессіздіктер бар екенін анықтап, олар хаттама түрінде жазылды. Ресейлік шұжықтардан қандай бұзушылықтар байқалғаны туралы "Маңғыстау облыстық тұтынушылар құқығын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігі өкілі айтып береді":

  • Шұжықтар қаптамасында жарамдылық мерзімі "2 шілде 2024 жыл" деп көрсетілген. Ал өнім Қазақстанға осы жылдың 3 шілдесінде жеткізілген.
  • Мемлекеттік тілдегі ақпарат жоқ.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ҚР "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодексте жарамдылық мерзімі анықталмаған немесе біткен өнім қауіпті болып саналады.

Сарапшының айтуынша, біздің елдің заңнамасында осы секілді бұзушылықтарға қомақты айыппұлдар көзделген:

ҚР "Әкімшілік бұзушылықтар туралы" кодексінің 425-бабы, 1-бөлігіне сай, Қазақстан Республикасының халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнамасының талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi, техникалық регламенттерді бұзған, адам денсаулығына зиян келтіруге әкеп соқпаған бұзушылықтарда – жеке тұлғаларға – 30 АЕК, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 230 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 310 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 1600 есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.

Бұдан басқа, Еуразия экономикалық одағының техникалық регламенттеріне сай келмейтін өнімін өткізгені үшін субъект/құқықбұзушыға осы Кодекске сай шара көрілуі мүмкін.

Қорыта келгенде, "Маңғыстау облыстық тұтынушылар құқығын қорғау қоғамы" бастаған құқыққорғаушылар Еуразия экономикалық одаққа мүше елдері аумағында таралатын осы өнімнің бұзушылықтары бойынша барлық шараларды қолдануды ұсынды.

Материалдар шешім қабылдау үшін тиісті органдарға жолданды.

Осыған ұқсас сұрақтар бойынша байланыс нөмірі 87054222739 немесе Instagram парақшасы: OZPP.KZ

Тұтынушылар үшін анықтама:

Шұжық өнімін таңдау кезінде қоғамдық ұйым сарапшысы Жанна Биятан тауарды таңбалауға және қаптамасының сыртқы түріне назар аударуға, сондай-ақ келесі белгілерге көңіл бөлуге кеңес береді:

  • егер өнімде сапасыздық белгісі болса;
  • өнімнің жарамдылық мерзімін анықтау мүмкін болмаса;
  • тұтынушылық ыдыс/қаптама бүлінсе;
  • қаптамадағы ақпарат оқылмаса;
  • егер тез бұзылатын өнімдерде температуралық режім сақталмаған болса;
  • өнімдерді сақтау температурасы затбелгіде дайындаушы көрсеткен температурадан ерекшеленсе, онда мұндай өнімдерді сатып алмаған жөн.

Чек пен сәйкестік декларациясын талап етіңіз!

Фискалды түбіртек пен сәйкестік туралы декларацияны талап ету сіздің құқығыңыз бен қауіпсіздігіңізді қорғауға кепіл болып табылады.

Фискалды түбіртекті төлем түбіртегінен қалай айыруға болатыны жөнінде мынадай қарапайым мысал бар:

  • Фискалдық чектің негізгі ерекшеліктерінің бірі – тұтынушы сканерлеп, түбіртектің түпнұсқалығын тексере алатын кассалық бақылау мәшинесі (КБМ) чек туралы кодталған ақпаратты қамтитын штрих-код болып табылады.
  • Фискалды түбіртек қағаз, сондай-ақ электронды түрде болуы мүмкін және сатып алушының электронды поштасына немесе мобильді телефонына QR-код түрінде жіберілуі мүмкін.
  • Түбіртектерді қараңғы және құрғақ орында сақтауды, бет жағын бір-біріне қаратып жинамауды ұсынамыз. Түбіртектерді сақтаудың ең жақсы әдісі – оларды суретке түсіріп, телефонның жеке пәпкісінде жинау.

Жарияланған ақпараттар кеңес беру сипатына ие, сондықтан жарнама болып табылмайды. Зерттеулер нәтижелері туралы барлық мәліметтер "Маңғыстау облысы тұтынушылар құқығын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігі келісімімен таралады.

"МОТҚҚҚ" ҚБ тауарлар (жұмыстар, қызметтер) сапасын зерттеу нәтижелері туралы тарататын ақпараттар жарнама болып табылмайды әрі тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін жүзеге асыруға септігін тигізеді.

Зерттеу хаттамаларына анықтама үшін:

№РО-24-03465/833 11 шілде 2024 жыл және №РО-24-03468/235 17 шілде 2024 жыл.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2146348-shuzhyq-satyp-alarda-ne-narsege-man-beru-qazhet/