Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Түркістанда балаларға арналған "Қамқорлық" орталығы ашылады

Жарияланған күні:

Түркістандағы ерекше балаларға арналған орталық
Түркістандағы ерекше балаларға арналған орталық. Фото: gov.kz

Түркістан қаласында ерекше балаларға арналған "Қамқорлық" орталығы ашылады. Орталықта аутизм және басқа да менталды бұзылулары бар балаларға түрлі қызмет көрсетілмек. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Түркістан облысы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Ғимарат 2018 жылы салынған. Жөндеу жұмыстары бекітілген бірыңғай дизайн концепциясына сәйкес жүргізіліп жатыр. 1 қыркүйекте аяқталып, қазан айында ашылады деп жоспарлануда. Жалпы алаңы 2 118 шаршы метр. Жоспарлы төсек орын саны – 110 орындық. Негізгі бағыты – 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі аутизм және басқа да психикалық ауытқулары бар, мүгедектігі бар жандарға түрлі бейінді мамандардың қызметтерін көрсету. Оның қатарында АВА-терапия, сенсорлық интеграция, балама коммуникация, эрготерапия, кинезиотерапия бар. Сондай-ақ 100-130 штаттық бірлікпен қамтылады деп жоспарлануда.

Түркістанда облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты арнайы орталықтар жұмыс істейді. Облыс әкімінің орынбасары әлеуметтік мекемелерді аралап, тыныс-тіршілігімен танысты. Қызмет көрсету сапасын арттыруды пысықтады. Қосымша метариалдық-техникалық базасын жақсарту мәселесін оңтайлы шешу үшін тиісті жұмыстар атқаруды тапсырды.

Стационарлық үлгідегі қызмет көрсететін №1 Түркістан арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының жоспарлы сыйымдылығы – 510 орын. Орталық созылмалы жүйке ауруларымен ауыратын (ақыл-есі кемістігінің әр түрлі, шизефрения, қояншық, орталық жүйке жүйесінің органикалық зақымдануы т.б.) жасы 18-ден асқан I, II топтағы мүгедектігі бар адамдарға арналған. Жарты жылда 509 қызмет алушы қамтылған. Оның ішінде 299-ы ер, 200-і әйел кісілер. Ғимарат 1976 жылы салынған, қазір орташа жағдайда.

Түркістан аумақтық балалар арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы жартылай стационарлық үлгідегі қызмет көрсетеді. Жоспарлы сыйымдылығы – 60 орын. Мұнда 1,5 жастан бастап, 18-ге дейінгі I, II топтағы психоневрологиялық ауытқулары бар және тірек қимыл аппараты бұзылған балаларды күндізгі уақытта оңалтуға арналған. Бір қабатты ғимарат 2001 жылы, ал үш қабаттысы 2014 жылы салынған. Жыл басынан бері 103 қызмет алушы қамтылған. Балалардың күнделікті денсаулық жағдайын невропатолог және балалар дәрігерлері тексеріп, физиоемдер береді. Сонымен қатар логопед маман ымдау тілі, тыныс алу артикуляциясы бойынша және зондпен жұмыстар жүргізеді. Бекітілген стандартқа сәйкес, арнаулы әлеуметтік қызметтердің 8 түрі бойынша кепілдендірілген қызмет көлемі көрсетіледі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2146854-paroldlzh/