Fly Arystan 12 жастағы қызды рейске отырғызбаған: әуекомпания жағдайдың мән-жайын айтты
Жарияланған күні:
Әлеуметтік желіде қазақстандық келіншек FlyArystan ұшағына отырғызу барысында 12 жастағы қызы әуежайда жалғыз қалып кеткенін айтып шағымданды. Оның сөзінше, билеттің брондалғанына қарамастан, компания өкілдері қызды рейске отырғызбаған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Қыздың анасының айтуынша, FlyArystan қызметкерлері техникалық ақаулар қалыпқа келтірілгеннен кейін баланы рейске өздері отырғызатынын айтып сендірген. Өз кезегінде әуекомпания өкілдері мен балаларды жетелеген қызметкер қызды бортта таппаған соң топ жетекшісі ұшақтан түсіп, жағдайды анықтамақ болғанын мәлімдеді.
Дегенмен қауіпсіздік қызметі мен бортсеріктер айыппұл тіркейтінін және жергілікті әуекомпанияларымен ұшуға тыйым салатынын айтып, шығуға рұқсат бермеген.
Бұл жайтқа қатысты FlyArystan компаниясы пікір білдірді. Олар кәмелетке жасқа толмаған қыз бен оның анасынан туындаған келеңсіздіктер үшін кешірім сұрады.
"FlyArystan әуекомпаниясы Мусина ханымнан және оның қызы Зереден ресми түрде кешірім сұрайды. 21 шілдеде кәмелетке толмаған жолаушы KC 7367 рейсімен Астанадан Орал қаласына ұшып шыға алмады.
21 шілдеде жасөспірім әпкесімен және оларды жетелеуші жолаушымен бірге ұшудан 50 минут бұрын тіркеу бағанасына келді. Жолаушылар онлайн тіркеуден өтпегендіктен отырғызу талондарын тіркеу бағанасында алуды жоспарлаған.
Алайда бұған дейін әуе кемесі жолаушылар сыйымдылығы аз ұшаққа ауыстырылғандықтан, әуекомпания жасөспірімге ұшақ бортынан орын бере алмады. Әуекомпания агенттері борттағы жолаушыларға жасөспірімге орын беру туралы өтініш білдіріп, өтемақы ұсынды. Өкінішке қарай, жолаушылар арасында ерікті табылған жоқ.
Әуекомпания өкілдері жағдайды жетелеуші тұлғаға және баланың анасына түсіндіріп, жасөспірім мен оның анасының құрбысына қонақүйден тұрақтауға орын, сондай-ақ 22 шілде күні жоспарланған Орал қаласына келесі рейске отырғызу талонын және 50 мың теңгеге ваучер ұсынды.
Алайда жолаушының анасының құрбысы қонақүйден бас тартты және заңды өкілінің рұқсатымен баланы өзімен бірге алып кетті. Келесі күні жасөспірім жетелеушісіз жолаушы бала ретінде бортсеріктердің бақылауымен Оралға ұшты.
Әуекомпания бұл жағдайдағы өз кінәсін толықтай мойындайды. Біз болған оқиғаға шынайы өкініш білдіреміз және бұл жағдай біздің қызмет көрсету стандарттарымызға мүлдем сай келмейтініне сендіргіміз келеді.
Шынайы кешірім сұрай отырып, Мусина ханым мен отбасына келтірілген моральдық зиян үшін өтемақы ұсынуға дайынбыз. FlyArystan бірден қызметтік тексеруді бастады және болашақта мұндай жағдайларға жол бермеу үшін қолданыстағы қызметтік процедураларды қайта қарауға міндеттенеді", - деді Fly Arystan Telegram-дағы ресми арнасында.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2146909-fly-arystan-12-zhastagy-qyzdy-reiske-otyrgyzbagan-auekompaniia-zhagdaidyng-man-zhaiyn-aitty/