Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Түркістан облысында көпбалалы отбасылар мектепке жиналуға қанша ақша жұмсайды (видео)

Жарияланған күні:

Түркістандық көп балалы отбасы.
Түркістандық көпбалалы отбасы. Видеодан скриншот: youtube.com/@tv24kz

Түркістан облысында 60 мыңнан астам балаға мектеп формасын алу үшін бюджеттен 2 миллиард 600 миллион теңге бөлінді, деп хабарлайды 24KZ.

Оқу жылы қарсаңында атаулы көмек алушылар мен аз қамтылған отбасыдан шыққан әр балаға 43 500 теңгеден беріледі. Ал енді акцияға іліккендер бір реттік көмек қаржыға толық киіне ала ма деген сұрақ туындайды.

Төрт баланың анасы Нази Қараманова мектеп формасының бағасы қымбаттағанын байқаған. Нарықты салыстырып, әлеуметтік дүкенге арнайы келді. Қазір орта есеппен бір баласын бастан-аяқ киіндіруге 40 мың теңге мен 80 мыңның арасында ақша жұмсалатынын айтады.

"Даярлықтағы қызыма 40 мың теңге кетеді. Үлкеніме шамамен 70-80 мың кетеді. Өйткені үлкен, жасөспірім болғаннан кейін мына жақтан таппайсың. 6-сыныпқа 50 мың жетеді. Қазір тек форма алдық. Оқу құралдарын алып жатырмыз", - дейді Сайрам ауданының тұрғыны Нази Қараманова.

Сұраныс көбейгенде бағаны бақылауда ұстау қиындайды. Кейбір сауда орындарында оқу жылы қарсаңында баға шарықтаса, өзгесі, керісінше, жеңілдіктер ұсынған.

"Мектеп киімі мен оқу құралдарын сатып аларда нақты тізім жасақтау арқылы ақшаны артық жұмсамауға болады", - дейді мамандар.

"Базардағы бағадан дүкендегі баға әлдеқайда арзанырақ. 2 есе деп айтсам болады. Әсіресе жейде өзім көргенімдей 4000, 4 500 теңгеден басталады. Тура бізге де сондай фирмадан келеді. Пекин және Қырғызстан ғой. Бізде бар-жоғы 2180 теңге", - деп ойын білдірді сатушы Арай Үсенқызы.

Биыл көпбалалы Арзимқұловтар отбасында 5 оқушы мектепке барады. Егіздер мен үшімдер арасында өзара киім алмасу үйреншікті жағдайға айналған. Форма үшін ата-анасы аз-кем шығындалса, оқу-құралдары мектепке жол акциясы аясында үлестіріледі.

"Қазір мектепке дайындалып жатырмыз. Әкем келгеннен кейін киінуге барамыз. Біз алмасамыз. Фатиманікін мен киемін. Менікін сіңлілерім киеді. Ауысып кие береміз", - дейді Сайрам ауданының тұрғыны Зухра Арзимқұлова.

Түркістан облысында барлығы 60 693 балаға мектеп формасын алуға мемлекет тарапынан көмек көрсетіледі. Ал Шымкентте көпбалалы отбасынан шыққан және аз қамтылған 56 мың оқушы қажетті оқу-құралымен қамтылады. Сонымен қатар ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар мен төтенше жағдайға тап болғандар да бірреттік қаржылай көмекке ие бола алады. Бұл мақсатта әр балаға бюджеттен 43 500 теңге бөлінді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2148256-turkistan-oblysynda-kop-balaly-otbasylar-mektepke-zhinaluga-qansha-aqsha-zhumsaidy-video/