Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

30 тамыз – Конституция күні: Ата заңымыз ел тарихында неше рет өзгерді

Жарияланған күні:

Қазақстан Республикасының Конституциясы
Қазақстан Республикасының Конституциясы. Видеодан кадр: YouTube/Тұңғыш президент кітапханасы

30 тамыз – күнтізбеге Ата заңымыз қабылданған күн ретінде енді. Мемлекеттік құрылыстың құқықтық негізін қалыпастырушы құжат қабылданған күн елімізде кең көлемде аталып өтеді. Қазіргі Контитуцияның қабылданғанына биыл 29 жыл толып отыр. Осы жылдар аралығында маңызды құжатқа бірнеше рет өзгеріс енгізілді. Қандай өзгерістер енгізілгенін осы материалдан оқи аласыздар.

Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясы 1993 жылғы 28 қаңтарда қабылданған. Осы Конституцияны қабылдауға қатысқан депутаттардың бірі бұл құжатқа сол кезде биліктің тепе-теңдігі мен тежемелігі деген қағида енгізілгенін, Жоғарғы кеңес, президент пен сот билігі шектен шықпайтындай етіп бекітілгендіктен, президенттің Жоғарғы кеңес алдында есеп беруіне тура келгенін айтады.

Ал Қазақстан Республикасының қолданыстағы қазіргі Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданды. Бұл Конституцияның 1993 жылғы Конституциядан айырмашылығы – жаңа Ата заңға алғаш рет азаматтың құқығына ғана емес, адам дүниеге келген сәттен бастап ажырамас құқықтарына да қатысты нормалар енгізілген.

Қазіргі Конституция 9 бөлімнен 99 баптан тұрады:

  1. Жалпы ережелер
  2. Адам және азамат
  3. Президент
  4. Парламент
  5. Үкiмет
  6. Конституциялық сот
  7. Соттар жəне сот төрелiгi. Прокуратура. Адам құқықтары жөніндегі уəкіл
  8. Жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару
  9. Қорытынды және өтпелi ережелер
Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. (Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабының, 1-бөлігі)
Қазақстан Республикасының Конституциясы
Қазақстан Республикасының Конституциясы: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Қазақстан Республикасы Конституциясы қанша рет өзгеріске ұшырады?

29 жылда еліміздің Конституциясына 6 рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Атап айтқанда:

  • 1998 жыл 19 бап өзгеріске ұшырады;
  • 2007 жыл – 30 түзету енгізілді;
  • 2011 жыл – 1 бап өзгерді;
  • 2017 жыл – 19 бапқа 26 өзгерту енгізілді;
  • 2019 жыл – 1 бап өзгерді;
  • 2022 жылы – 33 бабына 56 өзгеріс енгізілді.

1998 жылы президенттікке кандидаттың жас шегі 40-қа дейін көтерілді, 65 жасқа дейінгі шектеу алынып тасталды. Сонымен қатар парламент депутаттарын партиялық тізіммен сайлау туралы және басқа да түзетулер енгізілді.

Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық (Қазақстан Республикасы Конституциясының 3-бабының, 1-бөлігі)

2007 жылы түзетулер елдің мемлекеттік құрылымының нысанына қатысты болды. Қазақстан президенттік-парламенттік басқару нысаны бар біртұтас мемлекетке айналды.

2017 жылғы наурызда "Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңға қол қойылды, оған сәйкес президенттің бірқатар өкілеттігі биліктің басқа тармақтарына берілді.

Конституцияның ең жоғары заңды күші бар және Республиканың бүкіл аумағында ол тікелей қолданылады. (Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабының, 2-бөлігі)

2019 жылдың наурыз айында Конституцияға Қазақстан астанасының атын өзгерту бойынша түзетулер енгізілді.

Негізгі өзгерістер 2022 жылы енгізілді.

Қазақстан Республикасының Конституциясы
Қазақстан Республикасының Конституциясы: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Қазақстан Республикасы Конституциясына соңғы рет қандай өзгерістер енгізілді?

2022 жылы 5 маусымда Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы республикалық референдум өтті. Жалпыұлттық референдумда қазақстандықтар Ата заңымыздың 33 бабына 56 өзгеріс енгізуге дауыс берді. Нәтижесінде:

  • Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасынан күшті парламенті бар президенттік формаға көшті;
  • Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі;
  • Президенттің жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызметші, квазимемлекеттік сектор субъектісі басшылары лауазымдарын атқаруға құқығы жоқ;
  • Қазақстандықтар өз бетінше Конституциялық сотқа жүгіне алады;
  • Өлім жазасына тыйым салынады. Ешкімнің адам өмірін қиюға құқығы жоқ;
  • Мәжілістің депутаттық корпусы аралас сайлау жүйесі бойынша құрылады;
  • Сенаттағы президенттік квота қысқарып, мәжілістегі ҚХА квотасы жойылды;
  • Мажоритарлық жүйе депутатты сайлаушылардың қалауы бойынша шақыртып алуға мүмкіндік береді;
  • Тұңғыш президенттің ерекше рөлі мен артықшылықтары туралы ережелер алып тасталды.

Жалпы құқықтық жағынан алғанда негізгі өзгерістердің бірі — Конституциялық соттың құрылуы болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2148325-30-tamyz-konstitutsiia-kuni-ata-zangymyz-el-tarihynda-neshe-ret-ozgerdi/