"Мұрны сынып, беті қан-жоса болған": ақтаулық әйел жағажайда соққыға жығылғанын айтты
Жарияланған күні:
Читать на русскомАқтау тұрғыны жағажайда соққыға жығылғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бейтаныс адам оның мұрнын сындырып, мылтықпен қорқытқан. Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Lada.kz басылымына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Жәбірленушінің басылымға айтуынша, ол баласы, әпкесі және құрбысымен жеке жағажайда демалып жатқан. Олар басқа демалушы қыздар тобымен жанжалдасып қалған.
"Олар бізді видеоға түсіріп, күліп отырды. Әпкем оларға ескерту жасады, жанжал шықты. Мен сол кезде баламен отыр едім. Араласайын деп шештім, тыныштандырайын деп ойладым. Сол кезде алдымнан мас адам шығып, менің бетімнен ұрды. Мен құлап қалдым, мұрным сынды, бетім қан-жоса болды, бірақ бұл оған кедергі болмады, ол мені ұра берді", - дейді келіншек.
Жәбірленушінің әпкесі шабуылдаушыны физикалық түрде тоқтата алмай, ер адамның ұрып-соғып жатқанын ұялы телефонына түсірмек болған.
"Ол телефонын тартып алып, теңізге лақтырып жіберді. Ал жанында тұрған жігітке көліктен мылтық әкелуді бұйырды. Содан кейін біз полицияға хабарластық, ол кетіп қалды", - дейді жәбірленуші.
Әйелдің айтуынша, ол ауыр жарақат алып, ауруханаға ес-түссіз күйде түсіп, бір апта бойы сол жерде болған.
"Менің денсаулығыма айтарлықтай зақым келді, мұрным сынған, ұзындығы 4,5 см кесілген, менің ойымша, оның қолында өткір нәрсе бар сияқты көрінді. Алайда полиция жеңіл бап бойынша айып тағып отыр. Меніңше, тергеу дұрыс жүргізілмей жатыр. Ол осы уақытқа дейін кешірім сұрамады және істеген ісіне өкінбеген сияқты", - деді жәбірленуші.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл дерек бойынша "Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Күдікті анықталды. Сараптама тағайындалды.
Назар аударыңыз! Видеода жан түршігерлік көріністер бар! Психикасы әлсіз адамдарға, аяғы ауыр әйелдер мен 18 жасқа толмағандарға көруге ұсынылмайды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2148505-murny-synyp-beti-qan-zhosa-bolgan-aqtaulyq-aiel-zhagazhaida-soqqyga-zhygylganyn-aitty/