Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"130 млн теңге тауарым күлге айналды: Шымкенттің "Автонұр" базарындағы өрт шығынын кім өтейді

Жарияланған күні:

"Автонұр" базары.
"Автонұр" базары. Видеодан скриншот: otyrar.kz

Шымкенттің "Автонұр" базарында болған өрттен кәсіпкерлер зардап шекті. Шығынға батқан олар көмекті кімнен сұраймыз дейді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Otyrar.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Қоқысқа кетіп жатқан бұл заттар Арман Бейімбетке тиесілі еді. Азаматтың 6 жыл бойы сауда жасап келген дүкені дәл үйлену тойы болар күні өртке ораныпты. Кәсіпкер жалпы құны 130 млн теңге болатын тауарым күлге айналды деп отыр.

"Өртенген дүкендердің ішіндегі үшеуі біздікі. Жалпы ең көп шығынға ұшырап отырған біз болып тұрмыз. Ыдыс-аяқ, тұрмыстық заттар, ұсақ-түйек, құрылыс заттарын сататын дүкен еді. Барлығы өртеніп, түкке жарамай қалды. Бұл жағдай тура тойым болатын күні болды, сондықтан дүкен жабық тұрды. Ештеңені сыртқа шығарып үлгермедік. Барлығы ішінде өртеніп кетті. Жалпы тауардың құны 130 млн теңге. Сауда орнын соғып береміз деп жатыр. Бірақ ішіндегі тауарларды кімнен сұрайтынымызды білмеймін. Дәлелдеп беру керек деп жатыр, чек сұрап жатыр. Оның барлығы ішінде өртеніп кетті", - дейді кәсіпкер Арман Бейімбет.

Өртке оранған сауда орындары жеке кәсіпкерге тиесілі. Орынбасар Аманов зардап шеккен саудагерлерге барынша көмек көрсетілетінін айтып отыр. Оның айтуынша, жарамсыз күйге түскен орынға жаңа нысан салынып, кәсіпкерлер 1 жылдан астам уақыт бойы жалға алу құнын төлемейді.

"Кәсіпкерлерімізбен ақылдасып, бір мәмілеге келіп, осының бәрін қайта қалпына келтіріп беремін және де жаңадан сауда орнын салып, дүкендерге жайғастырып беремін. 1 жылдан астам уақыт жалдау құнын төлемейді. Сондай-ақ аяғына тұрып кетуі үшін қаржылай да көмектесеміз. Қанша материал, қанша тауар жанып кеткені анықталып жатыр. Содан кейін кәсіпкерлермен келісіп, ақылдасып жәрдем етеміз", - дейді кәсіпкерлік нысандардың иесі Орынбасар Аманов.

Ал бұл салаға жауаптылар кәсіпкерлердің өз тауарын сақтандырмағанын айтты. Саудагерлер мүлкін сақтандырған жағдайда шығынды кім өтейді деген сұрақ туындамас еді дейді мамандар.

"Кез келген кәсіпкер, базар иесі болсын, бәріне біз ескерту жасап, профилактикалық жұмыстар жүргіземіз. Тауарды сақтандыру керек екені барлығына ескертілген. Тоқсан сайын жиналыс өткіземіз. Алайда көбісі немқұрайлы қарап, сақтандыру жұмыстарын жүргізбеген. Егер тауар сақтандырылған болса, сақтандыру компаниясы толық шығынды өтеп беретін еді", - дейді Шымкент қаласы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Үсен Исаев.

Еске сала кетейік, 9 тамыз күні "Автонұр" базарының маңайындағы 8 киім дүкені мен асхана өртке оранған еді. Қызыл жалын 500 шаршы метр аумақты алды. Өрттің шығу себебі мен шығын көлемі анықталып жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2148522-130-mln-tengge-tauarym-kulge-ainaldy-shymkentting-avtonur-bazaryndagy-ort-shygynyn-kim-oteidi/