Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қабағым жарылды": Ләйлә Сұлтанқызы Fly Arystan әуекомпаниясының үстінен арыз түсірді

Жарияланған күні:

Ләйлә Сұлтанқызы
Ләйлә Сұлтанқызы. Фото: Instagram/sultankyzy

Қазақстандық танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы денсаулығына зиян келтіргені үшін Fly Arystan әуекомпаниясының үстінен арыз түсірді. БАҚ өкілі басынан өткен жағдайды әлеуметтік желіде баяндады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Ләйлә Сұлтанқызы оқыс оқиға әуекомпанияның қауіпсіздік шарасын сақтамағандықтан болғанын алға тартты. Оған қоса тележүргізуші бортсеріктердің алғашқы көмек көрсете алмағанына қапалы болғанын жеткізді.

Сонымен қатар Сұлтанқызы қабағы жарылғанын дәлелдейтін суреттерді жариялап, ел назарына ұсынды.

"Мен Fly Arystan үстінен арыз жаздым! Бүгін кешкі 21:50 шамасында KC7326 рейсімен Шымкенттен Астанаға ұшып келдім. Ұшақтың есігі ашылмай, тұрып кеткен жанымдағы жолаушының абайсыздығынан бетіме үстіңгі сөреде тұрған ауыр (қатты) зат, отырған маған құлап, көзімнің тұсын жырып, қаьағым жарылды. Бұл әуекомпанияның қауіпсіздік шарасын сақтамағандықтан орын алған жағдай. Бортсеріктер мен әуекомпанияның алғашқы көмекке дайын емес болғанына қапа болдым! Не аптечка, не мұз, не суық зат, не қан тоқтатын, не салфетка жоқ.

Меніңше, орнымда бала, қарт адам отырып, басы жарылса, қатты жараланса, миы шайқалса, көп қан кетсе жағдай қиын болар еді. Жауапсыздық! Әр бортсерік жолаушы мініп-түскенше адам денсаулығына жауапты, алғашқы көмек көрсетуге міндетті", - деп жазды БАҚ өкілі Instagram-дағы парақшасында.

KAZ.NUR.KZ тілшісі оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Fly Arystan әуекомпаниясының өкілдеріне жүгінді. Олар Ләйлә Сұлтанқызы дәрігерлерді күтуден бас тартып, ұшақтан шығып кеткенін мәлімдеді.

"Бортсеріктер жолаушыға майлық пен суық қаңылтыр құтыны ұсынды. Содан кейін процедураға сәйкес, ұшақтан медициналық білімі бар жолаушыны іздестірді. Қызметкерлер әуе кемесінің командирын хабардар етіп, дәрігерді шақыртты. Сол кезде жолаушылардың ішінен медициналық білімі бар адам табылды. Трап орнатылып, тиісті процедуралар аяқталған соң, бортсеріктер орын алған оқиға туралы әуежай қызметкерлеріне хабарлап, білікті медициналық қызметкерлерді алдыртуды өтінді. Алайда ұшақтан түсу кезінде жолаушы дәрігерлерді күтпей, ұшақтан шығып кетті", - делінген ресми хабарламада.

Сондай-ақ FlyArystan экипаж құрамы бортта алғашқы медициналық көмек қобдишасының жоқтығын хабарламағанын жеткізді.

"Ләйлә Сұлтанқызынан кешірім сұраймыз. Тез сауығып кетуін тілейміз. Fly Arystan ұшақ бортында қауіпсіздік ережелерін ұстанудың маңыздылығын еске салады. Себебі қауіпсіздік біз үшін бәрінен де маңызды", - деді әуекомпания өкілдері.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2148687-qabagym-zharyldy-laila-sultanqyzy-fly-arystan-auekompaniiasynyng-ustinen-aryz-tusirdi/