Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Атырауда субұрқақта көз жұмған үш жасар баланың анасы жауапты компания 2 млн теңге ұсынғанын айтты

Жарияланған күні:

Жаздың күнгі субұрқақ
Жаздың күнгі субұрқақ. Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

27 шілдеде Атырауда Жайық жағасындағы субұрқақтардың бірінде үш жасар бала қайтыс болды. Анасы Светлана Капизованың айтуынша, баланың жаназасы өткеннен кейін фонтанға жауапты компания өкілі отбасына 2 млн теңге көлемінде материалдық көмек ұсынған. Бірақ олар ондай ақшадан бас тартқанын айтады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Қара жамылған отбасы кінәлілер тиісті жазасын алуы керек деп санайды.

"Менімен хабарласу мүмкін болмағандықтан компания өкілі баланың әкесімен сөйлескен. 2 млн ақша ұсынған. Алайда мен тиынның да қажеті жоқ екенін айттым. Солай істі жылы жапқысы келген шығар. Баламның өмірі ешқандай ақшамен өлшенбейді. Кінәлілер тиісті жазасын алсын. Қауіпті субұрқақты адам жүретін жолға неге орнатады? Ешқандай қауіпсіздік шарасы сақталмаған, фонтанның ішіндегі қақпашалары ашық тұрған, содан балам аяғын шығара алмай қалды. Қазір қара жамылып отырмын, баладан айырылу оңай емес", - дейді Светлана Капизова.

Анасының айтуынша, субұрқақ адам өміріне қауіпті күйде болған. Ішіндегі қақпашаларынан бөлек, сыртқы кафельдері қирап қалған, ішіндегі суы көгеріп кеткен. Тек қайғылы жағдайдан кейін ғана жауапты компания жөндеуге кіріскен.

"Біз сол кездегі күйін суретке түсіріп алдық. Кейін "суға түсуге болмайды" деген белгілер жабыстырған, қоршау қойған. Оған дейін болмады. Сонда бәрі заңдылығымен жасалуы үшін міндетті түрде қайғылы оқиға болуы керек пе еді?", - дейді ашынған ана.

Светлана қайғылы жағдай болған күнді еске алды. Оның айтуынша, сол күні ол 6 жастағы мүгедектігі бар баласымен үйде қалған. Үш жастағы ұлы жасөспірім әпкелерімен қыдыруға шыққан. Оқыс жағдай сол кезде болған. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

"Бұл факт бойынша қылмыстық іс тіркелді, кешенді тергеу жүргізіліп жатыр. Іс құпиялығын сақтау мақсатында басқа ақпарат жарияланбайды", - деп жауап берді Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіндегілер.

Ал баланың анасы компания өкілдері істі жылы жапқысы келетінін айтады.

"Бізге ақша беріп бар кінәні "Ата-анасы қадағаламады" деп жазадан құтылып кеткісі келетінін сезіп отырмыз. Тергеу әділ өткенін қалаймыз. Өз тарапымыздан жауабымызды бердік", - дейді Светлана Капизова.

Автор: Әйгерім Сайқын

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2148897-atyrauda-suburqaqta-koz-zhumgan-ush-zhasar-balanyng-anasy-zhauapty-kompaniia-2-mln-tengge-usynganyn-aitty/