Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Өзгеріске таңғалдым": Димаш Құдайберген Түркістанды көріп таңданысын жасыра алмады

Жарияланған күні:

Димаш Құдайберген
Димаш Құдайберген. Фото: gov.kz

Әнші Димаш Құдайберген Түркістан қаласына келіп, облыс әкімі Дархан Сатыбалдымен кездесті. Айтуынша, бұл өңірге алғаш рет келуі екен. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Түркістан облысы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

"Еліміздің атын әлемдік аренада танытып жүрген өзіңіздей өнер адамын өз өлкемізде көргеніме қуаныштымын. Сіздің бұл сапарыңыз – облысымыздағы руханият саласына, өңір туризмін дамытуға зор серпін береді деп ойлайды. Қазіргі таңда, өңірде руханият саласында бірқатар бастамалар қолға алынып, жүзеге асып жатыр.

Республикалық, халықаралық деңгейдегі шаралар – өңірімізге туристердің, қадірлі қонақтардың келуіне себеп болуда. Солардың бірі – "Voice of Turan" халықаралық қазақ әндерін орындаушылар байқауы. Биыл 5-ші рет ұйымдастырылып отырған байқауда әлемнің 20-ға жуық елінен өнерпаз қатысып, қазақ әндерін шырқайды. Осы байқау барысында әлемнің қай елінде болмасын әншілердің Сіздің орындаған әндеріңізге деген қызығушылығы басым екендігі байқалады. Бұл – біз үшін қуаныш әрі зор жауапкершілік", – деген облыс әкімі әншіні халықаралық қазақ әндерін орындаушылар байқауына құрметті қонақ болуға шақырды.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды мен Димаш Құдайберген
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды мен Димаш Құдайберген. Фото: gov.kz

Әнші өз сөзінде Түркістанның рухани орталық ретінде қарыштауына таңданысын жеткізіп, өңір басшысына алғысын айтты.

"Түркістанның жаңа кейпіне, өзгеріске таңғалдым. Ұнап жатыр барлығы. Ес білгелі алғаш рет келуім, ерекше әсер алдым. Елдің осындай әдемі шаһарда тұрып жатқанын, еңсесі көтеріліп жатқанын көргенімен қуанып отырмын. Түркістан бүгінде түркі әлемінің туристік астанасына айналып, дүниежүзіне танылып жатыр. Ең бастысы, еліміз тыныш болсын! Қалаларымыз әлемге танылып, халқымыздың дүниетанымы, руханияты көкжиегі кеңейе берсін!" - деді Димаш Құдайберген.

Димаш Құдайберген
Димаш Құдайберген облыс әкімі Дархан Сатыбалдымен. Фото: gov.kz

13-14 қыркүйекте Астанада Димаш Құдайбергеннің концерті өтеді. Қазақстанның халық әртісі Astana Arena стадионында "Stranger" атты жеке концертінде өнер көрсетеді. Ұлттық дыбыстық және қазіргі әуендік техника үйлесім тапқан әлемдік деңгейдегі шоуда дәстүрлі және заманауи стильдегі композициялар орындалады. Ән кеші 8-13 қыркүйек аралығына жоспарланған V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, "ДимашАли" шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен өткізіледі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2148997-ozgeriske-tanggaldym-dimash-qudaibergen-turkistandy-korip-tangdanysyn-zhasyra-almady/