Айтбек Амангелді неліктен Салтанаттың құрметіне қор құра алмады: министрлік жауабы
Жарияланған күні:
Айтбек Амангелді әлеуметтік желіде марқұм қарындасы Салтанат Нүкенованы еске алу құрметіне қор тіркеуге бес рет рұқсат берілмегенін мәлімдеді. Аталған жайтқа қатысты Әділет министрлігі өкілдері пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Күні кеше Айтбек Амангелді Instagram желісіндегі парақшасында марқұм қарындасы Салтанат Нүкенованы еске алу құрметіне қор ашуға бес рет рұқсат берілмегенін айтты. Ол хабарламасына Әділет министрлігінің хатының скриншотын жүктеді.
KAZ.NUR.KZ тілшісі аталған жайтқа қатысты пікір алу үшін ведомствоға жүгінді. Әділет министрлігі Айтбекке қор тіркеуге рұқсат берілмегінін растап, шешімді қазіргі заңнама нормаларын бұзумен түсіндірді.
"Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы" Заңның (бұдан әрі - Заң) 1-бабына сәйкес заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу мемлекеттік тіркеуге ұсынылған құжаттардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестігін тексеруді қамтиды.
Заңның 4-бабына сәйкес коммерциялық емес ұйымдарды мемлекеттік тіркеуді әділет органдары жүзеге асырады. Заңның 11-бабында көзделген бұзушылықтар болған жағдайда қолданыстағы заңнаманың нормаларына сілтеме жасай отырып, бас тарту туралы дәлелді бұйрық шығарылады.
Астана қаласының Әділет департаменті тіркеуге ұсынған "Салтанат Нүкенованы еске алу" жеке қорының құжаттарын қарау нәтижесінде жарғы бойынша қолданыстағы заңнама нормаларының талаптары бұзылғанын анықтады.
Осыған байланысты Астана қаласының Әділет департаменті бас тарту туралы бұйрық шығарды. Заңбұзушылықтар жойылған кезде өтініш беруші заңды тұлғаның тіркеуден өтуге құжаттарын қоса бере отырып, өтінішті қайта беруге құқылы", - деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2149032-nukenovanyng-agasyna-marqum-saltanattyng-qurmetine-qor-ashuga-nege-ruqsat-berilmegen/