Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Мен көрген дүниелерді көрмесе екен деймін": жас маман министрге Жамбыл облысындағы сыбайлас жемқорлық туралы айтты

Жарияланған күні:

Қорап ұстаған әйел
Әйел жұмыс кезінде. Көрнекі фото: pixels.com

Астанадағы ауыл мектептері педагогтерінің республикалық форумында Ақмола облысында мұғалім болып жұмыс істеп жүрген жас маман оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа Жамбыл облысындағы сыбайлас жемқорлық туралы шағымданды. Бұл туралы Kazinform агенттігі хабарлады.

Педагог Жамбыл облысындағы туған ауылында жұмыс таппағанын, сол себепті Ақмола облысында жұмыс іздеуге мәжбүр болғанын сөз етті. Ол өз басында болған жағдай артынан ерген іні-қарындастарында да қайталана ма деген уайымы бар екенін жасырмады.

"Мен қазір Ақмола облысында жұмыс істеп жүрмін. Ал негізі Жамбыл облысында, туған өлкемде жұмыс істегім келген. Бірақ ол жақтағылар "орын жоқ" деген желеумен шығарып салды. Министрлікке арыз жазсақ, дәлел сұрайды. Жарайды, мен ізденіп жүріп Ақмола облысынан жұмыс таптым. Ал менің ізімді басатын інілерім мен сіңлілерім де ертең мен көрген дүниелерді көрмесе екен деймін.

Қазір бір жерге жұмысқа кіру керек болса, кемінде 1 млн теңге, әйтпесе 1,5-2 млн теңге сұрайды. Тек педаоготер арасында демеймін. Негізі оңтүстікте сыбайлас жемқорлық көп салаға кіріп кеткен. Ең маңызды мамандық деп есептелетін мұғалімдер де осындаймен бетпе-бет келіп жүр. Қашан мен сияқты жастар ақшасыз, өзі жұмыс табатын күн болады?" - деп сұрады жас педагог.

Министр сыбайлас жемқорлықпен күресті әр азамат өзінен бастау керек екнін айтты. Сондай-ақ, бұл жағдаймен тексерулер жіберіп, күресіп жатқанын алға тартты.

"Бәрі өзімізден басталады. Сұрақ қойдыңыз ғой, енді осыны өзіңізден бастаңыз. Ешкімге ренжімей, адал болыңыз. Айналаңыз ұрлап жатса да, адалдықты сақтаңыз. Менде мына жақта күйіп отырамын. Қанша рет тексеру жібердік?! Бір Түркістан облысына ғана 10 рет тексеру жібердік. Қоятын кез келді ғой... Бірақ бүкіл өңір жаман деуге болмайды. Сіз ақыры Ақмола облысына келген екенсіз, осы жерде мықты маман ретінде жұмыс істеп жетіліңіз. Одан кейін мен сізді Жамбыл облысына басқарманы басқаруға жібере аламын. Сол кезде осы былықтың бәрін жойып, тәртіпке келтіре аласыз", - деді Ғани Бейсембаев.

Форумнан кейін министр бұл сауал туралы БАҚ өкілдерінің алдында пікір білдірді.

"Сауал кезінде Жамбыл облысының нақты қай мектебінде, қай ауданында болған оқиға екені айтылмады. Көпшіліктің ортасында оны ежіктеп сұрауды жөн көрмедім. Ол әріптесімізге форумнан кейін жеке шығып, мәселенің мән-жайын анықтаймыз", - деді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2149713-men-korgen-dunielerdi-kormese-eken-deimin-zhas-maman-ministrge-zhambyl-oblysyndagy-sybailas-zhemqorlyq-turaly-aitty/