Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Халықтың қалтасынан жинауға қарсымыз": Қостанайда электр энергиясы 7,5 пайызға қымбаттауы мүмкін

Жарияланған күні:

Электр бағанасы
Электр бағанасы. Көрнекі фото: pixabay.com

Қостанайда 4 айдан соң жабылғалы тұрған электр энергиясын таратушы компания жарықтың тарифін 7,5 пайызға өсіруді сұрап отыр. Қоғамдық кеңес мүшелері олардың бұл ұсынысына қарсы шықты. Қордаланған қарызын халықтан өтеп алуға жол бермеуді сұрайды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Электр станциясынан өндірілген жарық Қостанай облысына төрт делдал компания арқылы жетеді. Үкімет осы көктемде энергиямен жабдықтау нарығында тәртіп орнату мақсатында тұтынушылар үшін электр энергиясының түпкілікті құнын негізсіз көтеретін делдалдарды алып тастауға кірісті. Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасы бойынша биылғы 1 сәуірден бастап нарықта 2004 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан және бизнес пен бірқатар бюджеттік ұйымдар үшін тарифтердің мөлшерін дербес белгілей алатын реттелмейтін энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың жұмысы тоқтатылып жатыр.

қоғамдық талқылау
Қоғамдық талқылау. Фото: KAZ.NUR.KZ

Бұл жабылуға тиіс компаниялардың тізіміне "Қостанай Энерго Центр" ЖШС де іліккен. Кәсіпорын 2025 жылдың 1 қаңтарында жұмысын тәмамдауға тиіс. Жабылуына небәрі төрт ай ғана қалды. Осы уақытты текке өткізгісі келмеген компания өкілдері Табиғи монополияларды реттеу департаментіне тарифті 1 кВтсағ үшін 2,65 теңгеге немесе 7,5 пайызға көтеру жөнінде хабарлама жолдаған. Компания қордаланған қарызын халықтан өтеп алмақшы.

"2024 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша жеткізіп берушілерге кредиторлық берешек 3,358 млрд теңгеге жетті. Тарифті өсіру арқылы компания жеткізіп берушілермен есеп айырысып, облысқа үздіксіз, тұрақты түрде электр жарығын тарата алады", - дейді "Қостанай ЭнергоЦентр" ЖШС бас директоры Анаргүл Өскенбаева.

Компания өтінімін Табиғи монополияларды реттеу департаменті мақұлдайтын болса, онда жаңа тариф 10 қыркүйектен бастап күшіне енеді. Департамент олардың бұл ұсынысын қоғамдық талқылауға салған. Қоғамдық кеңес мүшелері компанияның бұл әрекетін сынға алды.

"Қарызының бәрін тұтынушылардың мойнына іліп қоюға ешқандай негіз жоқ. Бұл өтінімі мақұлданбауға тиіс. Әрине олар шеккен шығын бар. Мұны есептеп, жан-жақты зерттеу қажет. Бірақ компания кірістері арқылы пайда да көрді. Егер қазір қарыздары болса бұл кәсіпорын басшыларының жауапкершілігіне байланысты, соларға жүктелуге тиіс. Халықтың қалтасынан жинауға қарсымыз", - дейді Қостанай облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Андрей Коваль.

Қостанай облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Андрей Ковальдың сөзінің жаны бар. Мәселен Ұлттық экономика министрлігі келтірілген мәліметтер бойынша мұндай энергиямен жабдықтаушы ұйымдар орта жолда отырып-ақ, делдалдықтан жақсы табыс табады. Жүргізген талдау нәтижесі көрсеткендей мұндай компаниялардың табыстылығы 1 кВтсағ үшін шамамен тарифтің 30-50 пайызы немесе 5-20 теңге. Олар түскен пайданы энергетикалық жүйені жаңғыртуға қолданбаған. Сондықтан осындай өнімсіз делдалдар бағаны негізсіз көтеретіндіктен, жабылып жатыр.

Қостанай облыстық табиғи монополияларды реттеу департаменті "Қостанай ЭнергоЦентр" ЖШС-нің өтініміне жан-жақты сараптамалық жұмыстар жүргізбекші. Компанияның кірісі мен шығысының есебін тексереді. Содан соң тарифті өсіру жөніндегі ұсынысына 30 тамыздан 7-нші қыркүйекке дейін жауап береді.

Автор: Айнұр Нұрмағамбетқызы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2150730-halyqtyng-qaltasynan-zhinauga-qarsymyz-qostanaida-10-qyrkuiekten-bastap-elektr-energiiasy-7-5-paiyzga-qymbattauy-mumkin/