Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтаудағы түнгі клубтағы төбелес: қызметке қайта қабылданған полиция бастығы тағы да жұмыстан шығарылды

Жарияланған күні:

Полиция қызметкері
Полиция қызметкері. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Ақтауда апелляциялық алқа полицейді бұрынғы атқарған лауазымына қалпына келтіру туралы бірінші сатыдағы сот шешімінің күшін жойды. Бұл туралы Маңғыстау облыстық сотына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Өңір сотының Facebook-тегі ресми парақшасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы талап қою бойынша "Бұйрықты заңсыз деп тану және оның күшін жою, бұрынғы атқарған лауазымына қайта тағайындау және жалақыны өндіру" туралы Ақтау қаласының №2 сотының шешіміне келтірген Маңғыстау облысы полиция департаментінің апелляциялық шағымын қараған.

Бірінші сатыдағы сот шешіміне қарағанда, арыз беруші 2022 жылдың қарашасынан бастап Ақтау қаласының полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы қызметін атқарған.

2023 жылғы 27 қарашада облыстық полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасы оған қатысты Қылмыстық кодекстің 293-бабының 2-бөлігі 1-тармағымен (бұзақылық) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған.

Тәртіптік комиссия шешімі бойынша ол "Құқық қорғау қызметі туралы" заңы негізінде жұмысынан босатылған.

Облыс прокуратурасының осы жылғы 13 қаңтардағы қаулысымен оның үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру тоқтатылған.

Бұрынғы полиция басшысы өзінің талап арызында соттан департаменттің жұмыстан шығару туралы бұйрығын заңсыз деп тануды, оның күшін жоюды және оны бұрынғы қызметіне қалпына келтіріп, жалақы төленуін сұраған.

"Бірінші сатыдағы сот талапты қанағаттандырды. Алайда сот алқасы азаматтық істің материалдарын зерттей отырып, бірінші сатыдағы сот материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбады, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін дұрыс анықтамады, бұл сот шешімінің күшін жоюға негіз болды деген қорытындыға келді", - делінген сот ақпаратында.

Апелляциялық алқаның қаулысымен Ақтау қаласының №2 сотының қаулысының күші жойылып, талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы қаулы шығарылды.

Сот қаулысы заңды күшіне енді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2151720-aqtaudagy-tungi-klubtagy-tobeles-qyzmetke-qaita-qabyldangan-politsiia-bastygy-tagy-da-zhumystan-shygaryldy/