Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Онкологиялық ауруларға қарсы препараттармен толығады": Шымкентте фармкомпаниялар өндірісін ұлғайтпақ

Жарияланған күні:

Фармацевтер
Фармацевтердің жұмыс барысы. Көрнекі сурет: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Қазақстандағы жетекші өндірушілердің шоғыры Шымкентте орналасқан. Мегаполисте дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар өндіретін кәсіпорындар өнім тізбесін ұлғайтуды қолға алды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ 24kz-ке сілтеме жасап.

Олар жыл басынан бері 39 миллиард теңгенің өнімін нарыққа шығарды.

Дәрілік препараттардың өндіріс кешені цифрлық таңбалауға толық көшірілген. Сол себепті өндірушіден тікелей тұтынушыға дейін тексерілген өнімнің жетуі бақылауда болады.

"Арнайы жүйе арқылы дәрілік заттардың қорапшасындағы 2D кодына сканерлеу жүргізіледі. Бұл жұмыстарды жүзеге асыруға қосымша қызметкерлер тартылып, оқу курстарынан өткізілді. Бүгінде фармацевтикалық зауытта 200-ден аса дәрілік заттың түрі шығарылады. Ендігі кезекте өндіріс тізбесі гармондық дәрі-дәрмек пен онкологиялық ауруларға қарсы препараттармен толығады", - деді цех жетекшісі Оксана Соснова.

Компания өкілдері еуропалық GMP сертификатына қол жеткізіп, әлемдегі ірі өндірушілермен жаңа келісімшарт жасасуға мүмкіндік алды.

"Көпшілік жапондық көліктер жақсы немесе неміс технологиясы дамыған деп есептеп жатады. Әлемдік фармацевтикада да осындай пікірлер жиі айтылады. Халық дамыған елдердің өніміне сеніммен қарайды. Сондықтан біз дүниежүзіндегі жетекші компаниялармен ынтымақтастық орнатып, отандық дәрі-дәрмектің беделін арттыруға ниеттіміз", - деді фармацевтикалық зауыт директоры Рустам Байғарин.

Биыл Шымкентте өңдеуші өнеркәсібінде 535 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Оның 39 миллиард теңгесі фармацевтика саласының еншісінде. Былтырғымен салыстырғанда медициналық бұйымдар мен дәрі-дәрмек шығаруда 45 пайызға өсім байқалды. Сала мамандарының айтуынша, мемлекеттік қолдау тетіктері отандық кәсіпорындардың дамуына оң өзгеріс әкелген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2151747-onkologiialyq-aurularga-qarsy-preparattarmen-tolygady-shymkentte-farmkompaniialar-ondirisin-ulgaitpaq/