Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жағымды жаңалығымыз бар": Балаева елдегі өнер мектептері күрделі жөндеуден өтетінін айтты

Жарияланған күні:

Балериналар
Балериналар. Көрнекі фото: pixabay.com

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева "Жайлы мектеп" жобасы негізінде елдегі белгілі өнер мектептері күрделі жөндеуден өтетінін айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ министрдің Facebook-тегі парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.

"Жақында жаңа оқу жылы басталады. Осы орайда Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты оқу орындарында білім алушыларға оқу жағдайларын жақсартуға қатысты жағымды жаңалығымыз бар.

Өздеріңізге белгілі, мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған "Жайлы мектеп" жобасы – балалардың білім алуына заманауи жағдай жасауға бағытталған бірегей бастама. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар нәтижесінде мемлекетке қайтарылған қаражат есебінен мектептер құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл жоба маңызды әлеуметтік инвестиция ғана емес, әділеттіліктің символына айналды", - деп жазды министр.

Министрдің айтуынша, жобаға Мәдениет және ақпарат министрлігі де белсене атсалысып, оның аясында мамандандырылған өнер мектептеріне арналған жаңа ғимараттардың құрылысы пысықталуда. Алдағы жылдары біздің министрліктің қарамағындағы үш негізгі оқу орнын жаңғырту және салу жоспарлануда:

1. Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университеті жанындағы мектеп-интернаты. 1962 жылы салынған мектеп 700-ден астам оқушыға жақсы жағдай жасау үшін жөндеуден өтіп, кеңейтілетін болады.

2. Алматы қаласындағы Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған музыка мектеп-интернаты. 1968 жылы салынған мектеп те заманауи оқу және тұрмыстық жағдайларды қамтамасыз ету үшін күрделі жөндеуден өтеді.

3. Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған қазақ музыкалық мектеп-интернаты. 1964 жылғы ғимарат заманауи білім беру және тұру стандарттарына сәйкес жаңартылады.

"Бұл жобалар дарынды балаларға халықаралық стандарттарға сай жағдайда өз қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді. Мәдениет және ақпарат министрлігі Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған жобаның арқасында өскелең ұрпаққа қолайлы жағдай жасау, еліміздің мәдени мұрасы мен болашағын нығайту бағытында жұмысты жалғастыруда", - деп жазды Балаева.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2152120-zhagymdy-zhangalygymyz-bar-balaeva-eldegi-oner-mektepteri-kurdeli-zhondeuden-otetinin-aitty/