Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қар барысы": ең биік әрі қауіпті тау шыңдарын бағындырған түркістандық альпинист туралы не білеміз

Жарияланған күні:

Қар барысы атанған альпинист
Қар барысы атанған альпинист. Видеодан скриншот: youtube.com/@Turkistantv

Жасы 70-ке келген Шамиль Рафиков Түркістан облысындағы көптеген қауіпті шыңдарды бағындырған, тіпті олардың біреуіне 30 рет шыққан. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ turkistan.tv арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Оңтүстік өңірде Түркістан облысындағы ең биік әрі ең қауіпті шыңдарды бағындырған альпинист тұрады. Олардың ішіндегі ең жоғарғысы – Төле би ауданындағы Сайрам шыңы, биіктігі 4238 метр. Бұл биіктікті 30 рет бағындырған альпинистің тауға құштарлығы 17 жасынан басталған. Өткен ғасырдың 70-жылдары жоғарғы оқу орнына түскенде альпинизм секциясының барын ести сала бірден жазылған Шамиль Рафиков өз мамандығы бойынша небәрі үш-ақ жыл жұмыс істепті.

"Мамандығым инженер-құрылысшы еді, бірақ соған қарамай тауға өрмелеуге құмар болдым. Тіпті оқып жүріп лагерьде қосымша жұмыс істедім. Шынымды айтайын, мені құрылыс алаңы мүлде қызықтырмады, 4-ші разрядтағы квалификацияны меңгерген едім. Осылайша менің альпинистік карьерам басталып кетті", - дейді "қар барысы" атанған Шамиль Рафиков.

80-жылдары Шамиль Рафиков кәсіпқой альпинист ретінде халықаралық жарыстарда жүлделі орындар алады. Сол уақыттан бері ол елімізбен қоса алыс-жақын шетелдегі бірнеше шыңды еңсерген. Олардың қатарында Тянь-Шань тауларындағы Коммунизм шыңы мен Қырғыз еліндегі жартастар бар. Ол шыққан Коммунизм шыңының биіктігі 7495 метрге дейін жетеді. Сол үшін де Шамильді оңтүстік альпинистер "Қар барысы" атап кетіпті.

"Әрине, Алматы облысындағы шыңдар биік, дегенмен Сайрамсу шатқалын бағындыру альпинистер үшін тым қиын, өйткені мұнда тік жартастар көп. Тауға өрмелеушілер альпинизм саласындағы ең күрделі разрядты осында орындай алады, тіпті мұндағы шыңдарға шығып, спорт шебері атағын алуға болады. Алматы облысының таулары жазда да, қыста да салқын болады, ал мұнда жаз кезінде тауға шығуға ауа райы өте қолайлы", - дейді 70 жастағы альпинист.

Шамильдің айтуынша, бұрын қызықты әрі қауіпті салаға қызығушылар аз болған. Қазір қаланың қым-қуыт тіршілігінен қашып, табиғат аясына шығушылар көбейіпті. Бүгінде қар барысының соңынан жас альпинистер еріп келеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2152261-qar-barysy-eng-biik-ari-qauipti-tau-shyngdaryn-bagyndyrgan-turkistandyq-alpinist-turaly-ne-bilemiz-video/