Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қостанай облысында бұрынғы учаскелік полиция инспекторы ауыл тұрғындарына кредит алғызған

Жарияланған күні:

Полиция қызметкері
Полиция қызметкері. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Қостанай облысы Денисов ауданында бұрынғы учаскелік полиция инспекторы бірнеше рет алаяқтық фактілерін жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

2022 жылдың қазанынан 2023 жылдың маусымы аралығында Денисов ауданының полиция капитаны, К. есімді азамат Перелески және Қырым ауылдарында тұрғындардың сеніміне кіріп, оларды алдап екінші деңгейдегі банктерден несие алуға көндірген.

"Осылайша ұрланған ақшаны сотталушы К. букмекерлік кеңседе және лотерея клубында ойындарда ставка ретінде пайдаланып ұтылған, сондай-ақ басқа азаматтар алдындағы қарыздарын ішінара төлеген. Материалдық залалдың жалпы сомасы 31 млн теңгеден асты", - дейді Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметінің жетекшісі Ләззат Байгожина.

Соттағы жарыссөз кезінде мемлекеттік айыптаушы сотталушыға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Ал сотталушы бар кінәсін мойындап, істеген ісіне өкінді. Сондай-ақ соттан өзін бас бостандығынан айырмауды сұрады.

"Сот жазаны тағайындау кезінде қылмыстық жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде К. - ның кінәні мойындауын, оның жасаған ісіне шын мәнінде өкінуін және оның үш баласының болуын ескерді. Ауырлататын мән-жай ретінде өзі қабылдаған антты бұзған адамның құқық бұзушылық жасауы ескерілді. Сотталушының жеке басын, жасалған іс-әрекеттің сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, істің барлық мән-жайларын және жәбірленушілерге материалдық залалдың өтелмеуін ескеріп сот К.-ны қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде 3 жыл 1 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады", - Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметінің жетекшісі.

Сондай-ақ Қылмыстық кодектстің 49-бабы 1-бөлігіне сәйкес сотталушы "полиция капитаны" арнайы шенінен айырылды. Жәбірленушілердің азаматтық талаптары қанағаттандырылған. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Автор: Айнұр Нұрмағамбетова

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2153338-31-mln-tenggeden-asady-qostanai-oblysynda-uchaskelik-politsiia-inspektory-auyl-turgyndaryna-kredit-algyzgan/