Білім гранты дауы: министрлік өкілдері талапкерлердің шағымына жауап берді
Жарияланған күні:
Читать на русскомҒылым және жоғары білім министрлігі игерілмеген және кей талапкерлер бас тартқан гранттар қалай бөленетінін түсіндірді. Бұған дейін түлектер білім беру гранттарының әділетсіз бөлінгеніне шағымданған еді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Осы мәселе бойынша екі аптадан астам уақыт бұрын тілшіміз Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетіне сауал жолдады. Ведомство өкілдері талапкерлер бас тартқан және игерілмеген гранттар қалай бөлінетінін айтты.
Бас тартылған немесе пайдаланылмаған гранттарды Республикалық комиссия конкурстық негізде береді.
"Министрлік қабылданбаған және пайдаланылмаған гранттарды ҰБТ-да жоғары балл жинаған келесі талапкерлерге қайта бөледі", - делінген хабарда.
Сондай-ақ тілшіміз квотаға ие болған талапкерлер үшін ҰБТ балына мән беріле ме деп сұрады.
"ҰБТ нәтижелері – ЖОО-ға түсу кезінде маңызды фактор, өйткені ережеге сәйкес грантқа конкурсқа қатысу немесе ақылы оқуға түсу үшін ҰБТ сертификаты қажет.
Сонымен қатар білім гранттары ҰБТ нәтижелері бойынша конкурстық негізде тағайындалады. Квоталардың мөлшері мен түрлері Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің бұйрығымен бекітіледі. Квота санаттары бөлінген гранттар аясында конкурсқа қатысады", - делінген жауапта.
Сондай-ақ комитет мәліметінше, су тасқынынан зардап шеккен алты аймақтан 20 986 үміткер конкурсқа қатысуға өтініш берген. Оның ішінде 15 382 адам грантқа ие болған. 10 170 талапкер жалпы негіздегі грантқа ие болды. Ал су тасқынынан зардап шеккендер ретінде тек 5212 адам грант алған.
Су тасқынынан зардап шеккен талапкерлерге берілетін гранттардың ең көп бөлігі ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, машина жасау, өндіріс пен құрылыс, жаратылыстану ғылымдары салаларына тиесілі.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ғылым және жоғары білім министрлігі білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау квоталары туралы бұйрықтарда "төтенше жағдай болған өңірлер үшін квоталар" неліктен жоқ екенін түсіндірді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2153497-bilim-granty-dauy-gylym-ministrligi-okilderi-talapkerlerding-shagymyna-zhauap-berdi/