ІІМ өкілдері Тұрлыхановтың сотталған ұлының түнде серуендеуіне қатысты кінәлілер жазаланғанын мәлімдеді
Жарияланған күні:
Читать на русскомБрифингте Ішкі істер министрлігі ҚАЖК төрағасы Теңізжан Жәнібеков бас бостандығын шектеу жазасына кесілген Дәулет Тұрлыхановтың ұлының түндегі серуеніне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Журналистер биылғы мамырда бас бостандығын шектеу жазасына кесілген Нұрасыл Болаттың неліктен 14 тамызда ғана пробациялық бақылауға алынғанын сұрады. Оған қоса осы күнге дейін оның түнде жүргенін, шектеу шарттарын бұзғанын басқа да куәгерлер байқаған.
"Бұл фактіге қатысты ресми түсініктеме бердік: 14 тамызда үкім қабылданғанын айттық. Соған қарамастан, кінәлілер процесуалдық заң бұзушылықтар үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды", - деді Теңізжан Жәнібеков.
Айта кетейік, бұған дейін заңгер Анна Чернова мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы әскери бөлімнен қашып кеткенін хабарлаған еді. Кейін Қорғаныс министрлігі полиция жігітті тауып, қызмет орнына жеткізілгенін мәлімдеді.
Анна Чернова Тұрлыхановтың ұлына қатысты қозғалған істе жәбірленушінің бірі болып табылады.
Биыл ақпан айында Анна Чернова (Димитриевич) күйеуі екеуі қызды ұрып жатқан жас жігітті тоқтатпақ болғанда өздері соққыға жығылғанын мәлімдеген.
Кейін адвокаттар өздеріне шабуыл жасаған белгілі спортшы, қазіргі депутат Дәулет Тұрлыхановтың ұлы екенін білген.
Сол кезде Алматы полиция департаменті бұл факті Қылмыстық кодекстің 293-бабы – "Бұзақылық" бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде тіркелгенін, күдікті әскери адам болғандықтан, іс материалдары қалалық прокуратураға берілгенін хабарлаған болатын.
Сондай-ақ оқиғаға қатысты Дәулет Тұрлыханов та пікір білдіріп, ұлының кінәсі дәлелденсе, заңға сәйкес жауап беретінін мәлімдеген еді.
Бұдан бөлек, оқиғаға қатысты Бас әскери прокурордың бірінші орынбасары Мақсат Қазиев пікір білдіріп, іс бойынша шешімді сот шығаратынын, күдікті заңда белгіленген тәртіппен жазасын алатынын атап өткен болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2153533-iim-okilderi-turlyhanovtyng-sottalgan-ulynyng-tunde-seruendeuine-qatysty-kinaliler-zhazalanganyn-malimdedi/