Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Экологиялық өнімге сұраныс жоғары": Түркістан облысында ағаш шебері бір маусымда 200 күбіге дейін дайындайды (видео)

Жарияланған күні:

Ағаш шебері Сабырхан
Ағаш шебері Сабырхан. Видеодан скриншот: facebook.com/Turkistantvkaz

Төлеби ауданы Кемеқалған ауылында 25 жылдан бері ағаштан түйін түйген шебер тұрады. Сабырхан шебер бір маусымда 200 күбіге дейін дайындайды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Turkistantv.kz-ке сілтеме жасап.

Ағашты жонып, кесу – Түркістан облысының ағаш шебері Сабырхан мырзаның ширек ғасырдан бергі жұмысы. Осылай күбі істеп, табыс тауып, отбасын асырап отыр. Дәл қазір күбі істеу үшін ағаштарды жинап, кептіріп дайындап қойған. Өйткені қыркүйекте бұл заттың өтуі қиын, сондықтан күзден көктемге дейін шеберханасында күбі істеп, дайындап қояды екен. Ал сәуірден бастап саудаға шығарады. Себебі осы уақытта көпшіліктің малы төлдеп, күбі іздеушілер көбейеді дейді.

"Мен ешқандай күбіні алыпсатарларға беріп саттырмаймын, тікелей өзімнен алады. Одан кейін, жаңағы әйтеуір жүзден, мыңнан біреуі шығып қалады ғой, ағашы сынып дегендей. Мұндайда өзім тегін жөндеп, жасап беремі. Бағасына келер болсам, мысалы, мынау 20 литрлік күбі 30 мың теңге тұрады, мынау – 25 литрлік күбі, 37 мың теңге тұрады, мынау 30 литрлік күбі 45 мың теңге тұрады. Қатты қымбат та емес. Литріне шағып сатамыз, сонда 1 литрі 1500 теңгеден айналады", - дейді ағаш шебері.

Сңғы кезде Сабырхан ағаның қолынан шыққан тұрмыстық бұйымды аттай қалап сатып алып жатқандардың қатары көбейген. Өзге облыстардан да, әлеуметтік желі арқылы да тапсырыстар келіп түсіп жатыр.

"Мен қара темір қақпаймын, өйткені қара темір ағашты шірітіп жібереді, тат шығады. Ал мына темірмен 20 жыл тұрса да, ағаш түсін сақтап, өзгермейді", - дейді Сабырхан аға.

Бүгінде техниканың дамуы қолдан жасалған күбіге деген сұранысты төмендеткен жоқ. Себебі, экологиялық өнімге қашанда сұраныс жоғары. Қолы алтын шебер алғаш домбыра істеуден бастап, кейін астау, сұраныстың көп болуына қарай, енді осы күбі жасауды қолға алыпты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2153739-ekologiialyq-onimge-suranys-zhogary-turkistan-oblysynda-agash-sheberi-bir-mausymda-200-kubige-deiin-daiyndaidy-video/