Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Өтетін жер қалмайды": талдықорғандықтар үй іргесіндегі құрылысты тоқтатуды талап етіп отыр

Жарияланған күні:

Құрылыс
Тұрғын ұй құрылысы. Фото: almaty.tv

Алматы облысы Талдықорған қаласындағы Бірлік шағынауданының тұрғындары үйдің іргесінде салынып жатқан құрылыс нысанын тоқтатуды талап етіп отыр. Тұрғындардың айтуынша, нысан салынса үйге кіріп-шығар жол жабылады, деп хабарлайды Almaty.tv телеарнасы.

Телеарна мәліметінше, Талдықорғандағы Балапанов көшесіндегі 46-үйдің маңында жер қазу жұмысы басталғалы тұрғындардан маза қашқан. Олар құрылысты тоқтатуды талап етті.

"Жол жоқ. 2,5 метр жерден жедел жәрдем келсе, үйге жете алмайды. Құрылыс салынса, ары-бері өтетін жер қалмайды, тоқтатсын", - деді қала тұрғыны Гүлнар Басанова.

67 пәтерлі баспана осыдан 5 жыл бұрын салынған. Ал тұрғын үй дүкен, дәмхана сынды бірнеше коммерциялық нысанның ортасында қалған. Мамандардың айтуынша, сәулет-құрылыс талаптары сақталмаған, үй мен нысан арасында қалуы тиіс 3 метр арақашық жоқ .

"Жанайқаймызды неге ешкім тыңдамайды? Бармаған жеріміз жоқ. Тұрғын үйде мүгедектер, зағиптар тұрады. Қайда барып шағымдануымыз керек?"- деді қала тұрғыны Марал Тоқсанбаева.

Ал жеке кәсіпкер құрылыс жүргізуге рұқсат алға тартып, жұмысты тоқтатпайтынын жеткізді. Ол жоспар бойынша аумаққа 5 қабатты үй салып, 1-2-қабатынан медициналық орталық ашпақ. Ал қала әкімінің орынбасары мәселені шешуге тырысып жатқанын айтты.

"Тұрғын үй құрылысын жоспарлағанда қателік кеткен. Азаматтардың көтерген мәселесіне қатысты, құрылыс объектісін жүргізіп жатқан тұлғамен сөйлесеміз. Тұрғындар құрылысты тоқтатуды талап етіп отыр, бірақ мәселені жеке талдауымыз керек", - деді Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Жеңіс Андабеков.

Тұрғындар шенеуніктердің мұндай уәдесін бірнеше мәрте естіген. Олар енді сотқа жүгінуге бел буып отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2154073-otetin-zher-qalmaidy-taldyqorgandyqtar-ui-irgesindegi-qurylysty-toqtatudy-talap-etip-otyr/