Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қостанайда бірнеше қылмыс жасады деп айыпталған полиция басшысы бас бостандығынан айырылды

Жарияланған күні:

Ұсталған күдікті. Фото
Кісен. Көрнекі фото: NUR.KZ/ Владимир Третьяков

Қостанай облысында қызметтік бабын пайдалана отырып, есірткі құралдарын аса ірі мөлшерде өткізу мақсатында заңсыз сақтап, тасымалдаған деп айыпталған полиция қызметкері 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Жоғарғы сотқа сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Жоғарғы соттың Telegram-дағы арнасында хабарланған мәліметке сәйкес, Қостанай облысында лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деп айыпталған ер адамға қатысты қылмыстық іс қаралды (Қылмыстық кодекстің 412-1-баптың 3-бөлігінің 1)-тармағы, 297-баптың 3-бөлігінің 2), 3), 4)-тармақтары, 362-баптың 4-бөлігінің 3-тармағы).

Соттың анықтауынша, Қостанай қаласы полиция басқармасының есірткі қылмысына қарсы күрес бөлімі бастығының орынбасары тергеумен анықталмаған полиция қызметкерлерімен бірлесе отырып, денсаулығына зиян келтіру және қорқыту арқылы бір азаматты кейіннен әшкерелеу және қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында екінші азаматтың аса ауыр қылмыс жасауына итермелеген.

"Бұл полиция басқармасының лауазымды тұлғасы қызметтік көлікте отырып, қылмыстық әрекетті имитациялаған адамға бірнеше рет аса ірі көлемде психотроптық заттар мен олардың аналогтарын заңсыз өткізген.

Тексеру барысында оның автокөлігінің салонынан аса ірі көлемде өткізу мақсатында заңсыз сақтап, тасымалдаған гашиш пен меткатинон (психотроптық заттың аналогы) табылып, тәркіленді", - делінген хабарламада.

Сотталушы кінәсін мойындамаған, оның қорғаушылары оның әрекетінде қылмыс құрамының болмауына байланысты ақтауды сұраған.

Сотталушының кінәсі жәбірленушілердің, куәлардың айғақтарымен, тергеу әрекеттерінің хаттамалары мен бейнематериалдарымен, сот сараптамасының қорытындыларымен және басқа да іс материалдарымен толық дәлелденген.

Сотталушының асырауында кәмелетке толмаған балалардың болуы жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлар деп танылған.

Ауырлататын факторлар анықталмаған.

"Сотталушының жеке басын, іс-әрекетінің сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, істің барлық мән-жайларын ескере отырып, сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 55-бабы 2-бөлігінің нормаларын қолдана отырып, сотталушыға мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасы берілді. Ол "полиция капитаны" арнайы атағынан айырылды", - делінген хабарламада.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2154189-qostanaida-birneshe-qylmys-zhasady-dep-aiyptalgan-politsiia-basshysy-15-zhylga-bas-bostandygynan-aiyryldy/