Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Мұқтаж емес ауқатты отбасылар да көмек алып жатыр": Тоқаев осал азаматтарға қолдау көрсету туралы айтты

Жарияланған күні:

Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында осал азаматтарға көмек көрсету ел алдында тұрған маңызды міндет екенін атап өтті. Президент бүгінде азаматтардың нақты табысы ескерілмей жатқандықтан мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмекті мүлдем мұқтаж емес, ауқатты отбасылар да алып жатқанын жеткізді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Мемлекет басшысы қазір бюджеттің жартысынан көбі әлеуметтік салаға жұмсалып жатқанын айтты. Осал азаматтарға көмектесу барысында бірқатар шара жүзеге асқанын жеткізді.

"Келесі мәселе. Әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға қолдау көрсету – өте маңызды міндет. Сондықтан мемлекет әлеуметтік шығыстарды біртіндеп ұлғайтып жатыр. Қазір бюджеттің жартысынан көбі әлеуметтік салаға жұмсалады. Балалы отбасыларды қолдау үшін сәби күтіміне өтемақы төлеу мерзімі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзарды.

Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтарға биылдан бастап арнайы төлемдер беріліп жатыр. "Ұлттық қор – балаларға" ауқымды жобасы іске қосылды. 7 миллион баланың есепшотына Ұлттық қордың табысынан жалпы сомасы 300 миллиардтан астам теңге аударылды", - деді Тоқаев.

Сонымен қатар президент бүгінде азаматтардың нақты табысы ескерілмей, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмекті мүлдем мұқтаж емес, ауқатты отбасылар да алып жатқанын жеткізді. Бұл тұрғыда Тоқаев үкіметке нақты тапсырма берді.

"Дегенмен қазір мемлекет тарапынан қолдау көрсетілген кезде азаматтардың нақты табысы ескерілмей жатқанын мойындау қажет. Басқаша айтсақ, әлеуметтік қолдауға мүлде мұқтаж емес ауқатты отбасылар да мемлекеттен көмек алады. Мұндай жайттар аз емес. Осыны ескере отырып, халықты қолдау тәсілдерін жетілдіре түсу қажет. Сондықтан Үкіметке алдағы жылдың басынан бастап "Әлеуметтік әмиян" жобасын жүзеге асыруды тапсырамын. Мемлекеттік қолдау шын мәнінде мұқтаж адамдарға көрсетілуі қажет. Бір сөзбен, кез келген әлеуметтік көмек әділ, ашық және тиімді болуға тиіс", - деді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2156044-muqtazh-emes-auqatty-otbasylar-da-komek-alyp-zhatyr-toqaev-osal-azamattarga-qoldau-korsetu-turaly-aitty/