Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

АЭС-тен басқа энергия көзі жоқ па: депутат жауап берді

Жарияланған күні:

Еділ Жаңбыршин
Еділ Жаңбыршин. Видеодан кадр: youtube.com/@mazhilis_kz

Президент жолдауында АЭС құрылысына қатысты референдум 6 қазанда өтетіні белгілі болды. Журналистер мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршиннен АЭС нысанына қатысты пікірін сұрап көрді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Депутат "басқа да зияны мен қаупі аз энергия көздері бола тұра, Қазақстан неге АЭС-ті таңдады?" деген сұраққа жауап берді.

"Жалпы қандай да стратегиялық маңызы бар әсіресе қаупі бар нысандар салынған кезде әртүрлі пікірлер болады. Қолдайтындар, қолдамайтындар бар. Әркім өзінің аргументін айтады. Бұл тақырып кеңінен талқыланды, тек қана бұқаралық ақпарат құралдарымен шектеліп қалмай, қоғам ортасында да көтерілді. Сондықтан оң немесе теріс шешім алдағы референдумда қабылданады", - деді мәжілісмен.

БАҚ өкілі депутаттан "энергия тапшылығын нақты АЭС қана шешетініне көзіңіз жете ме, себебі сарапшылар әртүрлі балама көздерін ұсынып жатыр" деп сұрады.

"Энергия көзі тек қана АЭС-пен шешіліп қоймайды. Оны басқа да энергия көздерімен де шешуге болады. Біз жалпы энергетика мәселесінде әр тараптағы мәселені ұстануымыз керек. Мысалы көптеген ел сутегі энергиясына басымдық беріп жатыр. Себебі ол жерден шығатын радиация жоқ немесе онда басқа да зиян парниктік газдар, азот тотығы, күкірт тотығы сияқты заттар болмайды. Германияда өзім болдым, олар бүгінде сутегі энергиетикасын дамытуды қолға алып жатыр", - деді мәжілісмен.

Сонымен қатар депутат "Неге Қазақстан АЭС-тің орнына тап осы балама жолды таңдамады?" деген сұраққа жауап берді.

"Бізде барлық бағыт бар. Мысалы көмірге, гидроэнергетикаға, газ энергетикасына қатысты, уранды да өндіру жөнінен әлемде алда тұрмыз. Осылардың барлығын ескерген шығар. Сутегі мәселесіне келетін болсақ, бізге көп су қоры қажет болады. Себебі сутегіні біз судан алуымыз керек. Қазір елімізде су тапшылығы бар екенін жақсы білесіздер. Сондықтан менің ойымша, сутегі энергетикасына қатысты тұжырымдаманы министрлік қарастыру керек", - деді Жаңбыршин.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2156137-aes-ten-basqa-zhol-zhoq-pa-deputat-energiia-kozderi-turaly-aitty/