Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бишімбаев ісі арқылы танылған маман 8 жылға сотталған адамның бір жылдан кейін қалай ақталып шыққанын айтты

Жарияланған күні:

Тахир Халимназаров
Тахир Халимназаров. Фото: instagram.com/takhir_khalimnazarov

Қазақстандықтарды экс-министр Қуандық Бишімбаев ісінде кәсібилігімен таңғалдырған сот-медициналық сарапшы Тахир Халимназаров KAZ.NUR.KZ тілшісіне өз тәжірибесіндегі оқиғаларды айтып берді.

Тахир Халимназаров өз еңбек жолын 1991 жылы бастаған. Медицина институтын бітірген соң, ол аудандық ауруханада дәрігер болып жұмысқа орналасады. Кейін патологоанатом, одан кейін сот-медициналық сарапшы болған. 2017 жылға дейін сараптама жұмысы бойынша директордың орынбасары қызметін атқарған.

Сот медицинасының бірнеше бөлімшесі бар: мәйіттерді сараптау, тірі адамдарды сараптау, химиялық-токсикологиялық, гистологиялық, зертханалық және биологиялық, криминалистикалық сараптамалар. Жұмыс барысында осындай барлық бөлімшені қадағалап отырған.

Өз саласында тәжірибесі мол болғандықтан, Халимназаровтың аты көпшілікке танымал. Мұны сарапшы кабинетінің алдындағы үлкен кезектен байқауға болады.

"Егер сарапшы бір қателік жіберсе, әрі қарай бәрі қате жалғасады. Бұл қылмыстың дұрыс сараланбай, әрі қарай соттың дұрыс шешім қабылдамауына әкеледі. Менің тәжірибемде мұндай жағдайлар аз болмады.

Егер тәуелсіз сарапшылар істегі дәлсіздіктерді көрсетсе, сараптама қайта жасалады. Менің қорытындыларым бойынша, бұрын сотталғандар кейде түрмеден босап шығады. Оған бұрын жасалған сараптамалардың қате болуы себеп", - дейді сарапшы.

Маманның сөзінше, адам табиғатынан жиі қателеседі. Сондықтан заң бойынша қайталама және қосымша сараптамалар жүргізуге болады. Ол өз тәжірибесіндегі бірнеше осындай оқиғаларды айтып берді.

"Бір адамды 106-баптың 3-бөлігі бойынша денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін 8 жылға соттады. Алғашқы сараптама нәтижелерін көрген соң бірқатар қатені байқадым. Қылмыс кездейсоқ жасалғаны анықталды. Мен өлімнің абайсызда болғанын анықтадым. Марқұм бетонға желкесінен құлап кеткен. Осы сотталушы түрмеде бір жыл отырып шықты. Менің қорытындыларымнан кейін Жоғарғы сот оны босатты", - деді Халимназаров.

Оның айтуынша, сот-медициналық сараптама процесстің әділ өтуінде үлкен рөл атқарады. Өйткені адамға жасалған қылмыстарға тек сараптама негізінде ғана үкім шығарылады.

"Тағы бір жағдай 10 жыл бұрын болған. Бірнеше адамды тапсырыспен кісі өлтірді деп айыптады. Оларды 14-15 жыл түрмеге кеспек болды. Сотталғаннан кейін белгілі бір себептермен бір жыл өткен соң қайта сараптама тағайындалды. Мен де осы процесске қатыстым. Маған бұл оқиғаны қолдан жасау боп көрінді. Сол кезде қастандық жасалған адам да шақырылды.

Біздің қорытындымызды назарға алмады. Жылдар өте мені бір күні сотқа шақырды. Сотта мен бұрын жасаған сараптаманы қорғап шықтым. Нәтижесінде сот барлық сотталушыны ақтады. Қателіктер әрқашан болуы мүмкін, бірақ олардың зардабын азайту үшін әділ шешімдер қабылдануы керек. Біз тек объективтілік пен заң шеңберінде жұмыс жүргенін қалаймыз", - деді ол.

Жеке сот-медициналық сарапшылар сотта біреудің пайдасына жұмыс істейді деген пікір бар. Алайда Халимназаров мұны бұл қате дейді.

Сарапшының сөзінше, мемлекеттік және жеке сот-медициналық сарапшылар жұмысын бірдей заңға, әдістемелер мен ережелерге сүйеніп істейді. Сондай-ақ, жалған қорытынды жасаса, бірдей қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2157016-bishimbaev-isi-arqyly-tanylgan-maman-8-zhylga-sottalgan-adamnyng-bir-zhyldan-keiin-qalai-aqtalyp-shyqqanyn-aitty/