Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Сот-медициналық сарапшы Халимназаров: Заң қабылданғаннан кейін де ештеңе өзгерген жоқ

Жарияланған күні:

Ер адам жұдырығын түйіп, әйелін ұрғалы тұр
Ерлі-зайыптылар. Көрнекі фото: pexels.com

Бишімбаев ісі бойынша танылған сот-медициналық сарапшы Тахир Халимназаров тұрмыстағы зорлық-зомбылық туралы жаңа заң жөнінде пікір білдірді. Маман заңның тиімділігін халық қашан көре бастайтынын айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Халимназаров сараптама жасатуға күйеуінен таяқ жеген келіншектер көп жүгінетінін айтады.

"Күйеулерінен таяқ жеген жас қыздар да келеді. Оларға араша түсер ешкім жоқ. Оларды көріп жылағың келеді. Тек заң ғана қорғай алады. Қазір тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң қабылданғаннан кейін де ешқандай өзгерістерді көріп тұрған жоқпыз. Оның тиімділігін статистика тек біраз уақыт өткен соң ғана көрсетеді", - дейді маман.

Сарапшы қылмыстың 90 пайызы алкоголь немесе есірткінің әсерімен жасалатынын айтты.

"Қазір біз алкоголь және есірткімен күресіп жатырмыз. Алкоголь ішкен адам адамдығын жоғалтады. Ол өз әрекеттерін басқара алмай, кейін заң бұзады", - дейді ол.

Сот-медициналық сарапшы мәйіттермен шамамен 5-6 сағат жұмыс істейді. Зорлықпен жасалған өлімнің себебін анықтап, кейін жарақаттардың ауырлығын саралайды. Жарақаттың қалай пайда болғанын зерттеп, бәрін қағазға түсіреді. Содан кейін анализдерді алып, оларды зертханалық бөлімге жібереді.

"Соңғы кездері мен бала өлімі бойынша екі сараптамаға қатыстым. Әкесі төрт жасар баласын өлгенше ұрып тастаған. Енді бірін өгей әкесі өлтірген. Өз өмірімде 5 мыңнан астам мәйіт аштым, бірақ кішкентай баланың денесіне көз жассыз қарау мүмкін емес. Кішкентай қызды зорлайтындар бар. Бұл қалыпты емес, онымен күресу керек", - деді Тахир Халимназаров.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандықтарды экс-министр Қуандық Бишімбаев ісінде кәсібилігімен таңғалдырған сот-медициналық сарапшы Тахир Халимназаров өз тәжірибесіндегі оқиғаларды айтып берген еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2157084-sot-meditsinalyq-sarapshy-zang-qabyldangannan-keiin-de-eshtenge-ozgergen-zhoq/