Депутат Садықов мандатынан айырылды: Перуашев оның себебін түсіндірді
Жарияланған күні:
"Ақ жол" партиясының төрағасы Азат Перуашев мәжіліс депутаты болған Асқар Садықовтың партиядан шығарылуына не себеп болғанын түсіндірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Азат Перуашев өз мәлімдемесін Telegram-дағы арнасында жариялады. Ол Садықовтың мандатынан айырылуына теріс іс-әрекеттері, атап айтқанда, өкілеттігін асыра пайдалану мен этикалық нормаларды бұзуы себеп болғанын алға тартты.
"Партиямыздың атына Асқар Садықовқа қатысты бірқатар шағым түсті, онда айтылған жайттар пленумда қаралып, тиісті шешім шығарылды. Шағымдардың дені оның теріс іс-әрекеттеріне, атап айтқанда, өкілеттігін асыра пайдалану мен этикалық нормаларды бұзуына байланысты болды", - деді Перуашев.
Оның айтуынша, парламентте жұмыс істейтін бір әйел Асқар Садықовтың бірнеше рет ұятсыз ұсыныстар жасап, қысым көрсеткені туралы айтып арызданған. Перуашевтің сөзінше, ол өз сөзіне дәлел ретінде WhatsApp мессенджеріне Садықовтан келіп түскен хабарламалардың скринін көрсеткен.
"Арызданушы 17 сәуірде өзіне жазылған мұндай қорлау ұсыныстарды жауапсыз қалдырып, елемеген екен. Алайда 15 мамырда бұл әрекеттер тағы қайталанған және арызданушының айтуынша, Асқар Садықов жыныстық бопсалауды жүйелі түрде басқа күндерде де жалғастырған", - деді Перуашев.
Азат Перуашевтің айтуынша, Асқар Садықовтың депутаттық қол сұғылмаушылыққа ие екендігіне байланысты харрасментке тап болған жәбірленуші құқықтық қорғауға жүгіне алмаған.
"Пленум барысында осындай әшкере болған заңсыз әрекеттерге жол берілмейтіні туралы ескертуіме жауап ретінде Асқар Садықов "өзінің депутат екенін және кімге не қаласа соны айтуға құқылы екендігін" айтты. Сондықтан біз бұл кедергіні алып тастадық, ал Асқар Садықовты депутаттық мәртебесінен айыру туралы қабылданған шешім жәбірленушіге ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға мүмкіндік береді.
Оның лайықсыз мінез-құлқының басқа да фактілері бар, соның негізінде осындай шешім қабылданды. Олардың кейбіреулері құқық қорғау органдарының да назарын аударуы мүмкін, ондай жағдайда қажетті көмек көрсетуге дайынбыз",- деді ол.
Оның сөзінше, бұдан басқа да эпизодтар мен құжаттар бар.
"Пленум нақты фактілерге сүйене отырып Асқар Садықовты партиядан шығару туралы шешім қабылдады", -деп түйіндеді ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2157171-deputat-sadyqov-mandatynan-aiyryldy-peruashev-onyng-sebebin-tusindirdi/