"Қаттырақ тіс батыру керек": депутат әуекомпанияларға халық наразы екенін айтты
Жарияланған күні:
Депутат Бақытжан Базарбек отандық әуекомпанияларына халықтың наразылығы көп екенін айтты. Ол осы орайда сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевке сауал қойды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Депутат үш рет ұшақ кешігуінен ыңғайсыз жағдайға тап болып, халықтың жан айқайын түсінгенін айтты. Мәжілісмен сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевке сауал қойды.
"Air Astana, Fly Arystan сияқты компаниялардың бассыздығы, заңсыздығы, былықтарының кесірінен халық шаршады, мемлекеттің тісі батпай отыр. Өкінішке қарай, билеттерді қайтармайды, рейстерді кейінге қалдырады, сорақысы – мүгедектігі бар азаматтар мен жасөспірімдерді рейстен қалдырып отыр. Кезінде лоббистердің ісімен тексерістердің бәрін тұтынушылардың қорғау саласын да алып тастады. Мынау лоббистер әлі де күшінде. Олар енді онсыз да көтерілген билеттің құнын қайтадан көтеруге тырысып жатыр. Әуежай мен әуекомпания басшылықтарын рейстерді кейінге қалдыруға байланысты осы заң жобасы аясында мүліктік жауапкершілікке тарту жоспарда бар ма, жоқ па?" - деді мәжілісмен.
Министр әуе билеттерін қайтармау тұсында кемшіл тұстары барын жоққа шығармады. Сонымен қатар "100 пайыз ақшаны қайтармаймыз" деген мүмкіндікті жаңа заң жобасында алып тастағанын атап өтті.
Бірақ, депутаттың айтуынша, министрдің жауабына көңілі толмаған.
"Министрдің жауабына көңілім толған жоқ. Әуекомпанияларға тісті қатты батыру керек қой. Әуе компанияның артында лоббистер тұр, әуе компанияның артында олигархтар тұр, әуе компанияның артында шетелдік менеджерлер тұр, олардың Қазақстан заңына түкіргені бар. Сондықтан министрлер оларды тексеріп, тиісті шараларды қолдану керек. Өкінішке қарай, министрдің бүгінгі жауабына көңілім толмады. Бірақ тиісті заңға өзгерістер енгізіп, айыппұлдарды көбейтеміз. Мен өзім бірнеше ұсыныс дайындап отырмын", - деді ол.
Сондай-ақ журналистер әуе тасымалын жүргізуші компаниялардан ережені бұзғаны үшін сертификациялауды қайтарып алу бастамасын көтергенін тілге тиек етіп, "Көлік министрлігі бұл бастамаңызға қалай қарады?" деп сұрады.
Бақытжан Базарбек көлік министрі Марат Қарабаев жедел реакция білдіріп, авиация әкімшілігін тексеруге жібергенін айтты.
"Реакциясын білдірді. Ол үшін рақмет айтып қояйын. Алайда осы жылдар бойы көлік министрлігі мүлде жұмыс істемеген. Өйткені әуекомпаниялары адамдарға солай қараған кезде мемлекет қандай да бір қатаң заңнаманы енгізу керек. Питер Фостер (Air Astana басшысы) Ұлыбританияда немесе Францияда біздегідей еркін жүре алмас еді. Адамдар наразылық білдіріп жолға шыға алмай отырған кезде Фостер жанымыздан өтіп кетті де, лаундж барға шығып, еркін шай ішіп отырды.
Мен сол кезде жанына бардым. Бұл кісінің адамдарға түкіргені бар. Адамдар шулап, наразылық білдіріп, балалар жылап жатқанын көзімен көріп тұр. 4 сағат бойы ұшып кете алмай жатыр. Техникалық ақау бар шығар, иә! Бірақ адамдардың алдына шығу керек қой. Фостердің көрсеткені – шетелдік топ-менеджердің нақты қарым-қатынасының көрінісі! Бұл – бүкіл Қазақстан билігінің бетіне, заңына былш еткізген түкірік. "Сендер қандайсыңдар – заңдарың сондай, маған бәрібір" деп қарайды. Оларды қорғайтын ескі лобби жоқ қазір. Біз жағдайды өзгертуіміз керек", - деді депутат.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2157181-qattyraq-tis-batyru-kerek-deputat-auekompaniialarga-halyq-narazy-ekenin-aitty/