Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ұшақта орынсыз әзілдеген жолаушы қамауға алынды: FlyArystan өкілдері мән-жайды баяндап берді

Жарияланған күні:

Ұшақ билетімен құжат
Ұшақ билетімен құжат. Көрнекі фото: NUR.KZ / Петр Карандашов

FlyArystan әуекомпаниясы өкілдері жолаушының орынсыз қалжыңы салдарынан ұшақтың кешігуіне байланысты оқиғаның мән-жайын айтып берді. Бұл туралы әуетасымалдаушының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Компания өкілдерінің мәлімдеуінше, KS7167 Алматы – Орал рейсінде 1 қыркүйекте жолаушылардың бірі лаңкестікке байланысты орынсыз қалжыңдаған.

"Рейске отырғызу аяқталғаннан кейін жолаушы ұшақтың баспалдағында тұрған әуе компаниясының өкіліне барып, оның жұмыста пайдаланатын рациясын сұраған. Содан кейін ол сөмкесінен бір затты шығарып, өзінде де сондай құрылғы бар екенін және террорист екенін айтқан. Сонан соң жолаушы бортқа кіріп, орнына отырмақ болған, бірақ стюардессалар мен жердегі қызмет өкілі оны кіргізбеген. Қауіпсіздік ережелері мен процедураларына сәйкес әуекомпания өкілдері авиациялық қауіпсіздік қызметіне, полицияға телефон соғып, Жедел басқару бөліміне хабарласқан. Жолаушы рейстен шығарылып, полицияға тапсырылды", - делінген хабарламада.

FlyArystan өкілдері әуежайда да, ұшақ бортында да бомбалар, жарылғыш заттар, динамит, терактілер және басқа да осыған ұқсас қауіп-қатерлерге қатысты кез келген әзіл мен мәлімдемелерге жол берілмейтінін еске салды.

Компания қызметкерлері мұндай әрекеттер қауіпсіздікке қауіп төндіретінін, рейстердің кешігуіне әкеп соқтыратынын, қауіпсіздік қызметінің назарын нақты қауіптерден басқа жаққа аударатынын және мұның соңы ауыр құқықтық зардаптарға әкеп соқтыратынын ескертеді.

"Біз барлық жолаушыны әрекеттері мен мәлімдемелеріне жауапкершілікпен қарауға, қауіпсіздік ережелерін сақтауға және қауіпсіз әрі жайлы ұшу жағдайын қамтамасыз ету үшін авиакомпания өкілдерімен және әуежай қызметтерімен ынтымақтастықта болуға шақырамыз", - делінген әуекомпания хабарламасында.

Еске салсақ, бұған дейін желіде жолаушының орынсыз әзіліне байланысты Алматы-Орал рейсінің кешіктірілгені туралы ақпарат тарағанын, лаңкестік жөніндегі көрінеу жалған ақпарат тарату фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталғанын, жолаушы қамауға алынғанын жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2157313-ushaqta-orynsyz-azildegen-qazaqstandyq-qamauga-alyndy-flyarystan-okilderi-man-zhaidy-baiandap-berdi/