Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Конституциялық сот бейбіт жиналыстар өткізуге шектеулердің Конституцияға сәйкестігін тексереді

Жарияланған күні:

Митингке шыққан жастар
Митинг. Көрнекі фото: freepik.com

Конституциялық сот елде бейбіт жиналыстарды өткізуге шектеулердің Конституцияға сәйкестігін тексермек. Бұл туралы ведомствоға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Ведомствоның Telegram-дағы ресми арнасында жарияланған мәліметке сәйкес, Конституциялық сот алдын ала қарау қорытындысы бойынша "Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" Заңның 11-бабы 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларының және 14-бабы 1-тармағының 10) тармақшасының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы азаматтың өтінішін конституциялық іс жүргізуге қабылдаған.

Даулы нормаларға сәйкес, егер болжамды уақытта және таңдалған жерде басқа ресми немесе бұқаралық іс-шаралар жоспарланған болса немесе құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілсе, жергілікті атқарушы органдар бейбіт жиналыстар өткізуден бас тартуы мүмкін.

Сонымен қатар уәкілетті органдарға азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, қоғамдық қауіпсіздікті, сондай-ақ көліктің үздіксіз жұмыс істеуін және инфрақұрылым объектілерінің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырушыларға жиналыстың орнын немесе уақытын өзгертуді ұсыну құқығы беріледі.

Осы заңның 14-бабына сәйкес мына жағдайларда жергілікті атқарушы орган бейбіт жиналыстар өткізуге рұқсат бермейді:

  • егер олардың мақсаттары Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгерту, Қазақстан Республикасының тұтастығын бұзу, мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіру, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық алауыздықты қоздыру, Қазақстан Республикасы Конституциясының, Қазақстан Республикасының заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілерінің басқа да ережелерін бұзу болса;
  • егер мемлекеттік қауіпсіздікке, қоғамдық тәртіптің бұзылуына, денсаулық сақтауға, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуына қатер төнсе;
  • бейбіт жиналыстар өткізу туралы хабарламаның немесе келісуді алу туралы өтініштің мерзімдерін бұзса;
  • ақпарат толық берілмеген немесе бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушының немесе оның өкілінің (болған кезде) қолтаңбасы болмаған жағдайда;
  • ұсынылған құжаттардың анық емес екендігі немесе бейбіт жиналыстарды өткізу үшін қажетті құжаттардың, деректер мен мәліметтердің Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі анықталған жағдайда.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2157532-konstitutsiialyq-sot-beibit-zhinalystardy-otkizuge-shekteulerding-konstitutsiiaga-saikestigin-tekseredi/