Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Күлкінішті, қолды сабынмен жуу": Қандай сөздерді қате айтып жүрміз

Жарияланған күні:

Қате аударылған жарнама
Қате аударылған жарнама. Фото: Н.Қожабектің Telegram арнасынан

Өзге тілден дәл сол қалпында аударып, жаппай қолданып жүрген қате сөздер жетерлік. Оны калька дейді. KAZ.NUR.KZ тілшісі сіз жиі айтатын, бірақ мүлдем байқамайтын калькаларды жинап көрді.

Калька сөздерден жинақ жасауда тіл маманы Назгүл Қожабектің Telegram-дағы арнасына сүйендік.

Біреудің жағдайына кіру

Несі қате: калька. Орысша "войти в положение".

Дұрысы: жағдайын түсіну, жағдайын ескеру.

Күлкінішті

Несі қате: қазақ тілінде мұндай сөз жоқ.

Қайдан шыққан: орыс тілінде "смех/смешно", "страх/страшно" деген сөздер ұқсап тұрған соң, біреу бізде де солай, "қорқыныштыға" ұқсауы керек деп жасап алған.

Дұрысы: күлкілі.

Қалай бар, солай қабылдау.

Несі қате: "Принимать таким, какой есть" дегеннен калька.

Дұрысы: Барын қабылдау. Осы қалпында қабылдау. Осы күйінде қабылдау.

"Қабылдау" деген де қазақ тіліне аса тән емес, тек осы тіркесті қолдану керек болса, тым құрыса калькаламай алуға болады.

Картоп тазалау

Несі қате: "Чистить картошку" дегеннен калька

Дұрысы: Картоп аршу.

Қателік жіберу

Несі қате: "Допустить ошибку" дегеннен калька.

Дұрысы: Қате жасау. Қателесу.

Грантқа түсуіңмен құттықтаймын

Көмектес септік өз алдына, тұйық етістік те қате. Орысша "с постулением".

Дұрыс қазақшасы - "Грантқа түскенің құтты болсын!". Жартылай дұрысы - "Грантқа түскеніңмен құттықтаймын".

Жалдамалы пәтер

"Арендное жилье" дегеннен калька

Қазақ тілінде пәтерді де жалдауға болады, адамды да жалдауға болады. Бірақ, қызметкер жалдамалы деп айтылса, пәтер "жалға берілетін" болады.

Қолды сабынмен жуу

"Мыть руки с мылом" дегеннен калька

Дұрысы: Қолды сабындап жуу

Айта кету керек, ….

"Стоит отметить" дегеннен калька

Бұл қыстырма фраза не сөйлемнің аяғында тұруы керек (… екенін айта кетуіміз керек), не "айта кетері - …" формасында өзгертілуі керек.

Түсінде сөйлеу, ұйқыда сөйлеу

Разговаривать во сне дегеннен калька

Дұрысы: ұйқысырау, ұйқысырап сөйлеу, бастығырылу

Филология профессоры Баян Керімбекова кальканың жаппай тарауына масс-медиа мен жарнаманың әсері көп екенін айтты. Адам қате формадағы ақпаратты қайта-қайта тұтынған соң үйреншікті боп кетеді дейді ол.

"Мысалы, көшеде ілініп тұрған неше түрлі билбордтар бар. Калька құлаққа бір рет, екі рет басқаша естілер, бірақ үшіншіде ол норма боп қабылданады. Арнайы тіл мамандары оның калька екенін білуі мүмкін. Бірақ басқа қарапайым халық оған бас ауыртып жатпайды ғой. Күнделікті қалай айтылады, солай құлаққа сіңеді. Мұның ең түп тамыры – мектептен, үйден, отбасыдан қалыптасады. Үйде әке-шешесі қалай сөйлесе, бала солай кетеді. Мектепте де дәрістерде осы туралы айтылу керек деп ойлаймын", - дейді маман.

Филологтың сөзінше, калька үрдісі жалғаса береді. Бірақ қате қолданыстан арылуда зиялы қауым мен қоғам белсенділерінің үлесі үлкенін айтты. Ал мемлекеттің бұл жағынан ықпалы аз. Білім бағдарламасы сияқты дүниелерді қадағаламай жатқанда, кальканы азайтады деп ойламаймын дейді Баян Керімбекова.

"Мұны қорқынышты трагедия қылудың да қажеті жоқ. Себебі бұл – заңдылық. Бұл бір пессимистік болжам да шығар. Бірақ тіліміз жаппай әдеби нормада қалады, тілдің иесі калька жасамай сөйлейді деп алдамшы үмітке берілгім келмейді. Олай болмайтынын практикадан да көріп отырмын. Мысалы, студенттердің қолданыстарынан байқаймын. Қарапайым халықты айтпағанда университет пен мектепте жүрген білімгерлердің сөйлеуі мүлдем өзгерген. Сондықтан тіліміз қайта таза күйінде қолданылады деп айта алмаймын", - дейді ол.

Тіл маманы жастардың "отырқ, келятырқ, жатырқ" деген сияқты сөздері калькадан да қорқынышты екенін айтты. Мұндай қолданыстың құлаққа түрпідей тиіп, диалектке де жатпайтынын атап өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2157538-kulkinishti-qoldy-sabynmen-zhuu-qandai-sozderdi-qate-aityp-zhurmiz/