Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ақ жол" партиясы экс-депутат Асқар Садықовқа жаңа айып тақты

Жарияланған күні:

Асқар Садықов
Асқар Садықов. Фото: parlam.kz

"Ақ жол" партиясы жақында мандатынан айырылған экс-депутат Асқар Садықовқа жаңа айып тақты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ партия баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Ресми мәлімдеме "Ақ жол" партиясының сайтында жарияланды.

"А. Садықов партия төрағасы келтірген деректерден басқа өзін партия қатарынан шығаруға негіз боларлық еш дәйектің жоқтығын алға тартыпты. Ол тіпті, харрасмент фактілерін жоққа шығарып та отырған жоқ. Соның өзі ғана оны партия қатарынан шығаруға жетіп жатыр", - делінген партия хабарламасында.

Алайда, партия өкілдерінің сөзінше, Азат Перуашев "Садықовқа тағылған айыптар этикалық нормалардың бұзылуы ғана емес, өзге де салмағы ауыр  жайттарға қатысты" екенін бекерден-бекер айтпаған.

"Мысалы, А. Садықовтың үшінші тұлғалардың пайдасы үшін өз өкілеттілігін асыра пайдалану әрекеті анықталды. Мұндайда этикалық нормаларды бұзу азаматтық құқықтық салаға көбірек қатысты болса, лауазымдық өкілеттікті асыра пайдалану құқық қорғау органдарының құзыретіне жататын құқықтық қылмыс болып табылады, сондықтан партия төрағасының мәлімдеуінде бұл фактілер көрсетілген жоқ еді.

Бірақ, оның барлығы да пленумда талқыланып, Садықовтың әрекеттері партия беделіне нұқсан келтіруі мүмкін деген қорытынды шығарылды", - делінген "Ақ жол" партиясының хабарламасында.

Партия өкілдері бұл тұста әңгіме Асқар Садықовтың депутат ретінде мемлекеттік сатып алу процедурасына араласуы және өз таныстарының тендерлерде жеңіске жетуін қамтамасыз ету талаптары туралы болып отырғанын айтты. Олар әкімдердің бірінің Асқар Садықовтың мемлекеттік сатып алу нәтижелеріне ықпал етуге тырысқаны жөнінде ресми хаттарын ұсына алатынын да жеткізді.

"Адал бизнес пен шынайы бәсекелестікті қолдайтын "Ақ жол" демпартиясы осы жағдайды сараптай келе мұндай әрекеттер партияның жарғысы мен бағдарламасына қайшы келеді деп есептейді. Сонымен қатар, Асқар Садықовтың әрекеті сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасау тәуекелдерін тудырады.

Талқылауға қатысқан Асқар Садықов әріптестерінің пікіріне мән бермей, депутат ретінде қандай да бір әрекет жасауға құқылы екенін айтып, өз қателігін мойындаудан бас тартты.

Осыған байланысты пленум оны партиядан шығару туралы шешім қабылдады. Пленумның өкілеттіктерін және қабылданған шешімнің заңдылығын Орталық сайлау комиссиясы қабылдап, нәтижесінде Асқар Садықов депутаттық мандатынан айырылды.

Осылайша, Асқар Садықовтың өзіне қатысты шешімнің негізсіз екендігі туралы әңгімелері еш дәйекке сүйенбеген бос сөздер ғана", - деді партия өкілдері.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2157888-aq-zhol-partiiasy-eks-deputat-sadyqovqa-zhanga-aiyp-taqty/