Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ақшамызды бермесе, үйлерді бұзып тастаймыз": Шымкентте құрылысшылар бір жылдан бері жалақы алмаған

Жарияланған күні:

Шымкенттегі тұрғын үй
Шымкенттегі тұрғын үй: KAZ.NUR.KZ

Шымкентте мемлекеттік бағдарламамен берілетін үйлерді салған жұмысшылар бір жылдан бері жалақы ала алмай жүр. Жетпістен астам азамат арызын айтып әкімдікке де, прокуратураға да барған, алайда ешкім жауап бермепті. Амалы таусылған олар енді өз қолымызбен салған үйді өзіміз қиратамыз деп отыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Жиналған бір топ азамат бір жарым жыл бұрын Шымкенттегі "Бозарық" шағын ауданындағы көпқабатты баспаналар құрылысын бастаған. Сөйтіп, жеті ай бұйы жұмыс істеген көпшілік сол күйі бір тиын да ала алмапты. Олардың арасында Өзбекстандықтар да бар. Алматылық "Шебер билд" компаниясымен келісімшартқа отырған олар оннан астам тұрғын үйдің іргетасын құйып, кірпішін қалаған екен.

"Біздің бар талабымыз осынша халықтың еңбекақысын берсін. Үйлерінде кредиттері бар. Нандары бар үйлеріне апара алмай жатқан. Өзбекстанның азаматтары бар бұл жерде бір жылдан бері үйлеріне қайта алмай жатқан. Еңбекақыларын берсін деп талап етеміз. Прокурорға жазғанбыз. Ол кісіден де нәтиже шықпады. Енді білмейміз. Мына шеберге ешкімнің тісі батпай ма?" - дейді жұмысшы Арман Әкімбаев.

Бес қабатты баспана мемлекеттік бағдарламамен үй кезегінде тұрған азаматтарға былтыр берілуі керек еді. Бірақ алматылық мердігерлер былығынан биыл да табысталмайтын сыңайлы. Ал ашуға булыққан бұқара тиесілі табысымыз қайтарылмаса, құрылысты қиратамыз деп бекініп отыр.

"Бізді сотқа беріңіздер дейді. Сотқа беруге қазіргі таңда ақшамыз да жоқ. Сотқа беру үші біз 3 пайыз төлеу керекпіз. Ол 2,5 миллион ақша. Екі жарым миллион ақша түгілі, қазір әрі-бері жүретін ақшамыз да жоқ. Біз енді әрі қарай не істерімізді білмейміз. Мына үйлерді бұзамыз ба, басқа қыламыз ба. Егер ақшамызды бермейтін болса, үйлерді бұзып, материалдарды бұзып алып кетеміз. Басқа амалымыз жоқ", - дейді жұмысшы Берік Бердалиев.

Алматылық құрылыс компаниясы Шымкенттен өзге, Алматы облысы, Қостанай және Петропавл қалаларынан да тапсырыс алған. Олардың арасында да жалақысын ала алмай жүргендер жетеді дейді жиналған жұрт. Мысалы күні кеше орталық кеңсеге Қонаевтағы құрылысшылар жиналып шу шығарыпты. Компания өкілі болса жасаған былықты қалпына келтіру үшін жұмысқа кірістік дейді.

Авторы: Назерке Еркінбекқызы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2158114-aqshamyzdy-bermese-uilerdi-buzyp-tastaimyz-shymkentte-qurylysshylar-bir-zhyldan-beri-zhalaqy-almagan/