Қытайлық жалған өнімдер: Шымкенттегі электрэнергетика саласында контрафакт проблемасы айқындалды
Жарияланған күні:
Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті (ЭТД) 176 миллион теңгенің контрафактілік электр жабдықтарын анықтап, тәркіледі. Ал жергілікті кәсіпкер әйел Ensto Oy халықаралық фин концернінің тауар белгілерін заңсыз пайдаланды және контрафактілік өнімдерді сатты деп айыпталды.
2023 жылдың маусым айында Шымкент қаласының ЭТД қызметкерлері электр тауарларын сататын жергілікті дүкендердің бірінде жедел сатып алу мен тінту жұмыстарын жүргізу барысында 70 000-нан астам электр жабдықтары мен желілік арматураларды тәркіледі. Бұл жабдықтардың жалпы құны 176 миллион теңге болды. Мұндай электрқұралдар электр желілері мен мемлекеттік энергетикалық нысандарға орнатылғандықтан, еліміздің энергетикалық инфрақұрылымына қатер төндіреді.
Айта кетейік, Ensto Oy халықаралық фин электртехникалық өнімдер шығаратын жетекші компаниясы Қазақстанға ұзақ жылдар бойы электр желілері, көше жарығы және тұрғын үйлерге электр энергиясын кіргізуге қажетті жабдықтарды жеткізіп келеді. Компания сапасы жоғары өнімдерімен танымал болғандықтан, энергетикалық инфрақұрылым мен жарықтандыру жүйелеріне арналған инновациялық өнімдер шығарумен айналысады. Алайда кей адамдар халықаралық брендтің беделін пайдаланып, Қазақстан нарығына жасанды өнімдер жеткізеді.
ЭТД жүргізген тергеуден кейін контрафактілік тауарлар бойынша сот басталып, оның барысында 58 жастағы айыпталушы – "AileenEnergy" ЖШС басшысы кінәсін мойындамады және тәркіленген тауарды қайтаруды талап етті. Ол отбасылық бизнесті іс жүзінде қызы басқаратынын, ал клиенттерден тапсырыс алу және тауарларды жеткізумен туысы айналысатынын айтқан. Сотта күдікті туысының тауарды қоймадан таппаған жағдайда Ресей, Қытай және Алматыдан сатып алатынын алға тартты.
Шымкент қаласы бойынша қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Ensto Oy компаниясы жағына шығып, "AileenEnergy" ЖШС басшысын тауарлық белгіні заңсыз пайдаланғаны үшін (ҚР Қылмыстық кодексінің 222-бабы 1-бөлімі) кінәлі деп танып, оған 40 АЕК немесе 138 000 теңге (2023 жылғы жағдай бойынша) мөлшерінде айыппұл салды.
Контрафактілік тауарларға келер болсақ, сот үкіміне сәйкес, тәркіленген тауарлар контрафактілік деп танылып, жоюға жіберілді. Алайда сот шешімі бойынша қабылданған контрафактілік тауарлардың бір бөлігін (жартысын) куәгер ретінде тартылған азамат С.-ге қайтару туралы қаулы фин компаниясының алаңдаушылығын туғызып отыр. Олардың пікірінше, бұл заңға қайшы. Айта кетейік, Қазақстан Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының мүшесі және Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылған, ал олардың ережелеріне сәйкес біздің ел контрафактілік өнімдермен күрес бойынша белгілі бір міндеттемелерді мойнына алған.
Сот үкіміне апелляциялық шағым түсірілді, апелляциялық сот алдағы уақытта бұл мәселені қарамақ.
Контрафактілік өнімдер тұтынушыларға үлкен қауіп төндіретіні анық, өйткені олар сапасыз және қауіпті материалдардан жасалуы мүмкін. Әсіресе электр жабдықтары үлкен рөл атқарады, себебі ол жарық қана емес, тұрмыстық техника жұмысын да қамтамасыз етеді. Электр желілеріндегі кернеудің тұрақсыздығы, қысқа тұйықталу және жиі ажыратулар тұрғындарға қиындық туғызып, қымбат техникаларды бұзып, тіпті өртке де себеп болуы мүмкін.
"Электр жабдықтары қауіпті өнімдер тобына жатады, себебі сапасыз бұйымдар материалдық шығынға әкеліп, денсаулыққа зиян келтіріп, тіпті адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Мына жағдайда электр тарату желілеріне арналған контрафактілік өнімдер мәселесіне тап болдық, бұл жоғарыда аталған қауіптердің көлемін арттырады. Қытай секілді ірі өнеркәсіптік елдің көршісі болғандықтан электр энергетикасы саласындағы контрафактілік өнімдер көбейіп жатыр", - деп түсіндіреді "Энсто Қазақстан" ЖШС бас менеджері Андрей Жеребятьев.
Жалған өнімдер тендер арқылы түпнұсқа бағасымен түрлі нысанға жеткізілуі де мүмкін екенін ұмытпау керек. Ал бағасындағы "айырмашылық" қайда кететінін анықтау құқық қорғау органдарына ерекше сұрақ болып тұр.
"Қазақстандағы контрафактілік өнімдер өндіру, ұсыну және сатуға қатысты жаза заңнаманың осалдығы себепті жеткіліксіз болып отыр. Жаза тек қарапайым жол жүру ережесін бұзғандағы айыппұлмен тең деңгейде", - деп қосты Жеребятьев.
Қазақстан Патенттік сенім білдірілген тұлғалар палатасының төрайымы Модангүл Тағыбергенова да бұл мәселе бойынша пікір білдірді. Оның айтуынша, контрафактілік өнімдер кедендік рәсімдер кезінде ұсталуы мүмкін, әсіресе тауар белгісі Зияткерлік меншік объектілерінің кедендік тізіліміне енгізілген жағдайда осындай жағдай болуы ықтимал. Бірақ сот арқылы жасанды өнімдермен күресу қиынға соғады.
"Контрафактілік өнімдер ел экономикасына үлкен зиян келтіреді, себебі бюджетке салық, ҚҚС, кедендік баждар аз түсіп, жұмыс орындары қысқарады. Бұл саланы бақылау қосымша қаржы шығындарын талап етеді. Ал құқық иеленушілер қаржылық шығынға ұшырап, адал өндірушілердің брендтеріне деген сенім жоғалады", - деді Модангүл Тағыбергенова.
Оның айтуынша, Қазақстанда енгізіліп жатқан Ұлттық тауарларды қадағалау жүйесі өнімдердің жолын бақылауға және тауар айналымын тиімді реттеуге мүмкіндік береді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2159275-qytailyq-zhalgan-onimder-shymkenttegi-elektrenergetika-salasynda-kontrafakt-problemasy-aiqyndaldy/