Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Байзақтағы жарылыс: кінәлі деп танылған әскерилер шамамен 24 млрд теңге өтеуге міндеттелді

Жарияланған күні:

Шымкент соты
Шымкенттегі сот. Фото: KAZ.NUR.KZ

Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери бөлімдегі жарылысқа қатысты тағы бір сот шешімі шықты. Бұл жолы Шымкенттің азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотында жазасын өтеуші сарбаздар Әсет Әшірбай мен Ерпулат Тұрановқа және офицерлер Аслан Бақытжанов пен Руслан Несіпқалиевқа міндеттелген жарылыс шығынын өтеуге қатысты сот өтті. Олар сотқа онлайн қатысты., деп хабарлайды өңірдегі KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Жарылысқа кінәлі деп 5 жылдан 13 жылға дейін сотталған бұрынғы әскерилер 25 миллиард теңге шығынды өтеу де міндеттелген еді. Алайда сот Қорғаныс министрлігінің арызын ішінара қанағаттандырып, сомманы 23 миллиард 700 миллион теңгеге қысқартты.

"ҚР Қорғаныс министрлігінің материалдық шығынды өндіруі туралы талап қоюы ішінара қанағаттандырылсын. Жауапкерлер Бақытжанов Аслан Бақытжанұлынан, Несіпқалиев Руслан Ерназарұлынан, Тұранов Ерпулат Ержанұлынан және Әшірбай Әсет Әсілұлына мемлекеттің пайдасына жалпы соммасы 23 миллиард 764 миллион 530 мың 881 теңге ортақтасқан түрде материалдық шығын өндірілсін", - делінген сот шешімінде.

Жазасын өтеушілердің адвокаты бұл шешіммен келіспейтінін мәлімдеді. Қорғаушы жігіттердің шығынды өтемек түгілі бас бостандығынан айырылуының өзі әділетсіз дейді.

"Бүгінгі шыққан шешіммен толығымен келіспеймін. Болған оқиғаға Тұранов пен Әшірбайдың қатысы жоқ екенін әлі күнге дейін айтып келе жатырмыз. Бірінші соттың үкіміне кассациялық шағым дайындап қойдық. Енді соны жіберу үстіндеміз. Ал бұл шешімге аппеляциялық шағым береміз", - дейді сотталған сарбаздардың қорғаушысы Әміре Сағадат.

Сарбаздардың аналары
Сарбаздардың аналары. Фото: KAZ.NUR.KZ

Шымкенттегі ауданаралық сотқа сарбаздардың аналары да келді. Олар ұлдарының кінәсіз екеніне сенімді. Олар мемлекет сұраған мұнша қаржыны өмірдің соңына дейін жұмыс істесек те, қайтара алмаймыз деп отыр.

"Судьялардың осынша дәлелдерімізді ескермегеніне аң-таңмын. Біздің ештеңеге қауқарымыз жоқ. Қорғаныс министрлігі бізден соншама ақшаны қалай сұрап отырғанын түсінбейміз. Ондай сомманы біз ешқашан тауып бере алмаймыз. Біз баламызды әскерге сеніп аттандырдық.

Негізі басында көрдім деп куәгер болған сарбазды кінәлаңдар деп біздің баламызды қинаған. Бірақ оған біздің балаларымыз келіспеген. Сонда қазіргі әскер балаларымызды өтірік сөйлеуге үйретіп жатыр", - дейді Ерпулат Тұрановтың анасы Жанар Хадирова.

Еске салайық, 2021 жылы Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қоймада жарылыс болып, 18 адам ажал құшқан еді. Алапат жалыннан ауыл іргесіндегі үйлер де қирап, жарақат алған азаматтар саны жүзге жеткен болатын. Ел-жұртты дүрліктірген дүмпуге кінәлі деп қос сарбаз құрықталды. Олар Әсет Әшірбай мен Ерпулат Тұранов.

Жарылысты қолдан жасады деп жауапқа тартылған қос жігіт алғашында 9 жылға бас бостандығынан айырылса, аппеляциялық соттан кейін мерзімі 13 жылға ұзартылды. Ал бөлім офицерлері Аслан Бақытжанов пен Руслан Несіпқалиев бес жылға бас бостандығынан айырылды. Сотталғандардан келтірілген шығынды өтеу үшін 25 млрд теңге өтемақы талап етілді.

Авторы: Назерке Еркінбекқызы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2159635-baizaqtagy-zharylys-kinali-dep-tanylgan-askeriler-25-mlrd-tengge-oteuge-mindetteldi/