Сағыз: таңбалама талаптары маңызды болып табылатын таныс өнім
Жарияланған күні:
Сағыз баяғыдан күнделікті өмірімізге еніп кетті, бүгінде оны кез келген дүкеннен табуға болады. Ежелгі дәуірде бұл өнім шайырлар мен ағаш шырындарынан алынған болса, бүгінде заманауи құрамнан жасалып, дамып келеді. Бүгінгі таңда сағыз тыныс алуды жақсарту үшін ғана емес, сонымен қатар ауыз қуысының гигиенасын тазарту, сақтау құралы ретінде де қолданылатындығымен оның дүкен сөрелеріндегі орнын бағалауға болады. Дегенмен бұл өнімнің бізге таныс болуының арғы жағында маңызды мәселе жатыр, яғни оның таңбаламасының заң талаптарына сәйкестігі.
"Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" ("МОТҚҚҚ" ҚБ) өкілінің назарын аударған Bebeto брендінің сағызы және көлемі 330 мл болатын газдалмаған шие сусыны болды. 2024 жылдың шілде айында "жасырын сатып алушы" әдісімен өнімдер Семей қаласындағы дүкендердің бірінен сатылып алынып, ынтымақтастық туралы келісімге сәйкес тауарлар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша ШЖҚ РМК филиалының аккредиттелген зертханасына тексеруге тапсырылды. Зертхана қауіпсіздік талаптары мен Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына, оның ішінде Кеден одағының техникалық регламенттеріне сәйкестігіне кешенді сараптама жүргізді.
Тексеру тұтынушылардың құқығын қорғауға және олардың сапалы және қауіпсіз өнімге деген құқығын қамтамасыз етуге бағытталған әлеуметтік жоба аясында жүргізілді. Сараптама нәтижелері: сусынның МемСТ-қа сәйкестігіне және құрамында синтетикалық бояғыштардың жоқтығына қарамастан, оның қаптамасында техникалық регламенттердің талаптарына сәйкестігін растайтын ЕАС белгісінің жоқтығын, мемлекеттік және орыс тілдерінде өнімнің тағамдық құндылығы туралы, өндіруші туралы ақпарат толық көрсетілмегенін, тамақ өнімдерімен жанасуға арналған қаптаманың мақсатын көрсететін, тамақ өнімдерін сақтау үшін қаптаманы пайдалану қауіпсіздігіне кепілдік беретін белгінің жоқтығын анықтады.
Сондай-ақ сағыздың таңбаламасына қатысты да сәйкессіздіктер:
- Тамақ өнімдері атауының, құрамы мен санының, сондай-ақ, сақтау шарттары мен тағамдық құндылығы көрсеткіштерінің мемлекеттік және орыс тілдерінде болмауы.
- Өндіруші және оның орналасқан жеріне қатысты екі тілдегі ақпараты жоқ.
- Өнімнің Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкестігін және оның қауіпсіздігін растайтын EAC белгісі қойылмаған және қаптама жасалған материалдың сандық коды немесе әріптік белгісі көрсетілмеген.
- Тамақ өнімімен жанасуға арналған қаптамасының пайдалану мақсатын көрсететін таңбасы жоқ.
Қазақстанда шетелде өндірілген тауарлардың таңбаламасына қазақ және орыс тілдерін қолдану тек Заң талабы ғана емес, сонымен қатар еліміздің барлық азаматтары үшін қолжетімділік пен хабардарлықты қамтамасыз етудің маңызды элементі болып саналады. Екі тілдегі таңбалама қазақ және орыс тілінде сөйлейтін тұтынушыларға өнімнің құрамы мен сипаттамаларын оңай түсінуге көмектеседі. Бұл ұлттық стандарттарға сәйкестік тұрғысынан ғана емес, сонымен қатар тұтынушылардың денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін де маңызды. Мұндай мәліметтердің болмауы өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін тексеруді қиындатады.
"Таңбалама тауардың маңызды элементтерінің бірі болып саналады, ол сатып алушыға тауар туралы толық және сенімді ақпаратқа қол жеткізуге мүмкіндік береді, - дейді тұтынушылар құқығын қорғау саласындағы сарапшы Алия Алибекова. - Әсіресе сағыз сияқты тұтыну өнімдерін дұрыс таңбалау тұтынушылардың саналы таңдау жасауына көмектеседі".
Қазақстан Республикасының "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңына сәйкес, сатушылар мен өндірушілер сатылуға шығарылған тауарларға қатысты толық және сенімді ақпарат беруге міндетті. Таңбалама туралы міндетті деректердің болмауы Кеден одағының "Тағамдық өнімдерді таңбалауға қатысты" техникалық регламентінің ережелерін бұзу болып табылады, бұл Қазақстан Республикасы "Әкімшілік құқықбұзушылық туралы" кодексінің 415-бабының талаптарына сәйкес, сатушыларға айыппұл салуды қарастыратын әкімшілік жауапкершілікке тартуға әкеп соғуы мүмкін.
"Тұтынушы не сатып алатынын білуге құқылы. Жалған таңбалама бұл құқықты бұзып қана қоймайды, сонымен қатар тұтынушылардың қауіпсіздігі мен денсаулығына қауіп төндіреді", - дейді құқыққорғаушы-сарапшы Жанна Биятан.
"МОТҚҚҚ" ҚБ тұтынушылардың құқықтарын қорғау халықтың денсаулығын қамтамасыз етудің маңызды бөлігі екенін еске салады. Әрбір тұтынушы қауіпсіз және сапалы тауар алуға құқылы, ал сатушылар дұрыс таңбаланбаған өнімдердің нарыққа енуіне жол бермеу үшін барлық ережелер мен нормаларды сақтауға міндетті.
Бұл материалды әлеуметтік жобаның орындаушысы – "Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігі дайындаған.
Осыған ұқсас сұрақтар бойынша байланыс нөмірі 87054222739 немесе Instagram парақшасы: OZPP.KZ
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2159694-sagyz-tangbalama-talaptary-mangyzdy-bolyp-tabylatyn-tanys-onim/