Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"3 жыл 7 ай қызмет атқардым": Түркістан облысында аудан әкімі қызметінен кеткенін мәлімдеді

Жарияланған күні:

Төлеген Телғараев
Төлеби ауданы әкімі Төлеген Телғараев. Фото: facebook.com

Түркістан облысы Төлеби ауданының әкімі Төлеген Тұртайұлы Телғараев Facebook-тегі парақшасында қызметінен кеткенін мәлімдеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Құрметті Төлеби ауданының тұрғындары! Ардақты достар! Төлеби ауданында 3 жыл 7 ай аудан әкімі қызметін атқардым. Ауданға алғаш келген күннен бастап өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, бюджеттің орындалуы, халықтың әл-ауқатының деңгейімен таныстым. Сала басшылары, аудандық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, ардагерлердің пікірін ескере отырып, ауданның даму жоспарын дайындадық. Бұған қоса, аудандағы 1 қала, 12 ауылдық округті ұдайы аралап, тұрғындармен тоқсан сайын кездесу өткіздім. Әр аптаның сейсенбі күні өткен жеке қабылдауда халықпен тілдесіп, ұсыныстарын тыңдап, пікірлерін назарға алып, қордаланған проблемаларды шешу мақсатында жүйелі жоспарлар мен межелі мақсаттар түзілді.

Үш жыл көлемінде Төлеби ауданындағы қоғамдық – саяси ахуал тұрақтылығын қамту, инженерлік-коммуникация жүйелерін реттеу, ортақ жайылымдық жерлерінің аумағын кеңейту бағытында жұмыстар қолға алынып, тың жобаларды жүзеге асыру жолында еңбек еттік. Ауданның әлеуетін арттырып, экономикасын көтеріп, руханиятқа серпіліс болатындай істерді ақылдасып, кеңесіп, нәтижелі атқардық деп ойлаймын.

Құрметті аудан тұрғындары, ауданда еңбек еткен 3 жылдан астам уақытта аудан әкімдігінің бастамасымен атқарылған жұмыстар, тың жобаларды қолдап, еңбегімізді бағалап, қуаттап отырғандарыңызға алғысым шексіз. Тәуелсіздігімізді тұғырлы ету жолындағы еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық, бақытты да баянды ғұмыр, жемісті де жеңісті күндер, дендеріңізге саулық, игілікті істеріңізге сәттілік тілеймін. Ынтымағы жарасқан еліміздің бағын асыратын, мерейін тасытатын күндеріміз көп болғай!", - деді Төлеген Телғараев.

Сондай-ақ аудан әкімдігінде бірге қызметтес болған барша әріптестеріне, аудан жұртшылығына жемісті, тың тәжірибеге толы жылдар үшін айрықша алғыс айтты.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазығұрт ауданын басқарған Төлеген Телғараев 1973 жылы туған, білімі жоғары, мамандығы – инженер-механик, экономист-қаржыгер.

Еңбек жолын Шымкентте құрылысшы болып, ал мемлекеттік қызметті 1997 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы аумақтық жекешелендіру комитеті мемлекеттік акция пакеттер және мемлекеттік қатысу үлесі бөлімінің бас маманы ретінде бастаған. Әр жылдары облыстық коммуналдық меншік, облыстық қаржы,  жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар департаменттерінде бөлім бастығы болған, сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан облысы қаржы басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2160028-3-zhyl-7-ai-qyzmet-atqardym-turkistan-oblysynda-audan-akimi-zhumysynan-ketkenin-malimdedi/