Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Мәжіліс депутаты қылмыстық жауапкершілікке 12 жастан бастап тартуды ұсынды

Жарияланған күні:

Сот балғасы
Сот балғасы. Фото: freepik.com

Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов қылмыстық жауапкершілікке тарту жасын төмендетуді ұсынды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Депутат кәмелетке толмаған балаларды зорлап, ұрып-соғып, өлтіруге дейін апаратындар әдетте өз құрдастары екенін айтты.

"ҚХП депутаттар фракциясы әскердегі өлім-жітім, қайғылы оқиғалар, дені сау жігіттердің мүгедек боп қайтуы, өлімге әкеліп жатқан зорлық-зомбылық сияқты мәселелердің басты себебін мектептегі буллинг, бандитизм мен қылмыстық өмір салтын романтизациялауы деп санайды. Мектеп – баланы қоғамға бейімдеудің алғашқы баспалдағы. Жас ұрпақтың теріс мінез-құлқының алдын алу педагогтердің қолында.

Біздің ойымызша, зорлық-зомбылықты ең басынан жою керек. Бірақ агрессорлар жасы кіші болғандықтан жазаланбайды. Біз, заң шығарушылар, Ұлыбритания үлгісімен кейбір істер бойынша қылмыстық жауапкершілікке 14 жастан емес, 12 жастан бастап тарту керек шығар. Мысалы, зорлау бойынша", - деді Магеррам Магеррамов.

Депутаттың сөзінше, мектепте жасөспірімдердің қылмыс жасауының алдын алу тәсілдерін қайта қарау қажет.

"Біз Мәдениет және ақпарат министрлігінің қандай да бір түсінікті жұмысының жоқ екенін байқаймыз. Бұл мәселеде халықаралық тәжірибеге жүгіну орынды сияқты. Мысалы, Жапонияда Білім министрлігі балаларға қауіпсіз орта құру үшін ересектердің жауапкершілігін арттыруға арнайы кеңес құрған", - деді депутат.

Ол мұғалімдер мен психологтарды мектептердегі әр буллингке мұқият қарауға шақырды. Ата-аналар да осындай жағдайлар болмас үшін мемлекеттік жүйемен бірігуі керек.

"Біз кәмелетке толмағандарды құқықтық тәрбиелейтін арнайы шара ұсынамыз. Мұны мемлекеттік органдар жан-жақты әзірлеп, қарастыру керек. Білім беру, ішкі істер және әділет органдары мектептерде құқықтық сана қалыптастыратын білім ұсынуы керек", - деді депутат.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2160243-mazhilis-deputaty-qylmystyq-zhauapkershilikke-12-zhastan-bastap-tartudy-usyndy/