Депутаттар "Алтын алқа" мен "Күміс алқа" иегерлеріне берілетін жәрдемақыны көтеруді ұсынды
Жарияланған күні:
Парламент мәжілісінің бір топ депутаты премьер-министрге "Алтын алқа" мен "Күміс алқа" иегерлеріне жәрдемақы мөлшерін көбейту туралы сауал жолдады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Депутаттық сауал парламент мәжілісінің депутаттары, "Қазақстан Халық партиясы" фракциясының мүшелері Гаухар Танашева, Магеррам Магеррамов, Ирина Смирнова, Кенжеғұл Сейітжанның атынан жолданған.
"Мемлекет басшысы отбасы құндылықтарын нығайтудың маңыздылығына әрдайым көңіл бөледі. Отбасының беделі неден басталады? Отбасының мәртебесінен. Ана мәртебесінен. Кез келген мемлекеттің дамығандығы, оның аналар мен балаларға жасаған қамқорлығынан көрінеді. "Мықты отбасы - мықты мемлекет" деген сөздер бекер айтылмаған.
Ел ертеңін бүгінгі жас ұрпақ, жас отбасылар қалыптастырады. Сондықтан біз Отбасын нығайтып, ғасырлық салт-дәстүрді сақтау, балаларымызды өз Отанын сүйетін, тарихы мен мәдениетін құрметтейтін, лайықты және әдепті адам етіп тәрбиелеу– мемлекеттігіміздің дамуының кепілі", - делінген сауалда.
Депутаттар қазіргі кезде елімізде 583 мыңнан астам көпбалалы отбасы тіркелгенін, оның 90 пайызы 4 және 5 бала тәрбиелеп отырған отбасылар саны 525 мыңға тең екенін атап өтті. Олар аталған отбасыларды мазалайтын проблемаларға тоқталды.
"Үлкен балалары 18 жасқа толғаннан кейін, егер оқу орындарына түсе алмаса, ондай жағдай көпбалалы отбасында жиі кездеседі (жоғары және орта білім беру ұйымдарына күндізгі оқуға түскен балаларға 23 жасқа толғанға дейін) жәрдемақыдан да, басқа мемлекет тарапынан берілетін көмектен де айырылады. Ал көпбалалы ана мәртебесі тіпті қарастырылмаған.
Көпбалалы аналарға арналған мемлекеттік наградалар мен жеңілдіктерді қазіргі уақытта біз қайтадан қарастыруымыз керек. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – көпбалалы аналарға арналған марапаттарды жаңарту және олардың заманауи қоғамда лайықты құрмет пен қолдауға ие болуын қамтамасыз ету", - делінген депутаттық сауалда.
Осы ретте депутаттар бірнеше шара қарастыруды ұсынғанын еске салды. Олар бұл мәселені пысықтау үшін үш ұсыныс білдірді.
"Біріншісі, "Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградалары туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 12 желтоқсандағы № 2676 Заңына VI. Көп балалы аналарға арналған наградалар бөлімі 4 және 5 баланы туған немесе асырап алған көпбалалы аналарға "Қола алқа" наградасымен толықтырылсын. Бұл жердегі басты мақсат көпбалалы ана мәртебесін өмір бойы қылып бекіту.
Екіншісі, "Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 12 желтоқсандағы № 2676 Заңынан, атап айтқанда "Алтын алқа", "Күмiс алқа" алқасымен жеті, алты бала туған және тәрбиелеп өсiрген аналар жетінші, алтыншы "баласы бiр жасқа жеткен және басқа балалары тiрi болған ретте наградталады" шарты алып тасталсын.
Себебі құжаттарды рәсімдеу уақыты созылып 1,5 не 2 жылдан кейін ғана марапаттанып алтын немесе күміс алқаларын алады. Қалай ойлайсыздар, бұл әділетті ме? Аталған тәртіпті жеңілдетіп, дүниеге алты және жеті бала алып келген аналардың өмірін қиындатпау керек", - делінген құжатта.
Парламент мәжілісінің депутаттары "Алтын алқа", "Күміс алқа", "Қола алқа" орденімен марапатталған аналарға жәрдемақы мөлшерін көтерудің де ұсынғанын алға тартты.
"Үшіншісі, "Алтын алқа", "Күміс алқа", "Қола алқа" ордендерімен марапатталған аналарға жәрдемақы мөлшерін көтеру және қосымша көптеген жеңілдіктерді ұсынған болатынбыз. Қазіргі уақытта "Алтын алқа" және "Күміс алқа" ордендері үшін жәрдемақы мөлшері тіпті күлкілі: жеті бала үшін – 27 321 теңге, ал алты бала үшін 23 629 құрайды.
Осы орайда, үкімет тарапынан жоғарыда аталған проблемалық сұрақтар бойынша және былтырғы жарияланған депутаттық сауалға толыққанды, барлық талап бойынша жауап беруді сұраймыз. Жауапты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімде жазбаша түрде беруіңізді сұраймыз", - деді олар.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2160262-deputattar-altyn-alqa-men-kumis-alqa-iegerlerine-beriletin-zhardemaqyny-koterudi-usyndy/