"Егеуқұйрықтан қорқамыз": Шымкенттің іргесіндегі тұрғындар қоқысқа көмілген
Жарияланған күні:
Шымкенттің іргесі қоқыс төгетін жерге айналып, жергілікті тұрғындар қолқаны қапқан иіске тұншығып жатырмыз дейді. Қайнар бұлақ тұрғын алабында қалдық тау-тау болып үйіліп қалған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ 24KZ-ке сілтеме жасап.
Ал қоқыс шығарумен айналысатын компания техника жетіспейді деп отыр.
"Қоқыс көп. Тіпті аулада да шашылып жатыр. Қаңғыбас иттер мен мысықтар бәрін сүйретеді. Ал жаңбыр жауса не болады? Бәрі езіліп, қалаға дейін жетеді ғой", - дейді тұрғын Наталья Безденежных.
Оның көршісі Татьяна Килимник далаға тіпті сирек шығамын дейді, бәріне себеп – қоқыс емес, қорқыныш ұялататын егеуқұйрықтардың жайлап алуы.
"Ештеңе асыра алмаймыз, өйткені бәрін егеуқұйрықтар өлтіріп тастайды. Жалпы, қоқыстың иісі сұмдық болып тұр. Енді осылай қоқыстың астында қалуымыз керек пе?! Менің кішкентай немерем бар, оны аулаға шығаруға қорқамыз, өйткені ол жақта егеуқұйрықтар бар. Оларға у да қойып көрдік, бірақ егеуқұйрықтар ақылды, бәрін сүйреп әкетеді", - дейді шымкенттік Татьяна Килимник.
Тұрғындар қоқыс шығаратын компания қызметкерлерін екі айдан бері көрмедік дейді. Бірақ Абай ауданы әкімінің орынбасары Мейіржан Әжедин бұлай емес деп отыр. Ең ұзағы үш апта дейді. Кәсіпкердің техникасы істен шыққан, бірақ бұл жалғыз мәселе емес. Соңғы бір жарым жылда Абай ауданында қоқыс шығаратын үш мердігер ауысқан. Олардың барлығы қиындықтарға тап болады.
"Қайнар бұлақ ауданында 7 мыңнан астам үй бар. Бірақ олардың 2,5-3 мыңы ғана төлем жасайды. Бізде қазір осы бойынша аздаған мәселе бар", - дейді аудан әкімінің орынбасары Мейіржан Әжедин.
Әкімдік қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаруға бюджеттен ақша бөлінбейтінін түсіндірді. Енді олар келесі жылдан бастап осы елді мекенде жұмыс істеу құқығына конкурс жариялау мәселесін қарастыруда. Мемлекет, кәсіпкер, тұрғындар арасында үш жақты келісім жасалады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2160270-egeuquiryqtan-qorqamyz-shymkentting-irgesindegi-turgyndar-qoqysqa-komilgen/