Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Алдап кетті": ақтөбеліктер құрылыс компаниясы басшыларын жауапқа тартуды талап етті (видео)

Жарияланған күні:

Үйін ала алмай жүрген халық
Ақтөбелік тұрғындар. Фото: КТК арнасы

Ақтөбеліктер үй салып береміз деп уәде еткен құрылыс компаниясына ақша беріп, сан соғып қалды. Полицейлер іс қозғаудан бас тартты, деп хабарлайды "КТК" телеарнасының сайты.

Қала тұрғындарының телеарна тілшісіне хабарлауынша, олар осыдан екі жыл бұрын тұрғын үйді тиімді, сапалы әрі жылдам саламыз деп уәде берген құрылыс компаниясына ақша берген. Алайда іс жүзінде бәрі керісінше болып шықты. Компания құрылысты бастағанымен, көп ұзамай бәрі тоқтап қалған.

"Ақша да аудармаған, материал да жоқ. Екі жарым жыл болды, ақшамды ала алмай жүрмін, материал да жоқ. Талабым — ақшаны қайтарсын. Моральдық, материалдық шығын өндірілсін. Үйімізде осыған бола күнде айқай", - деді Мәлік Жаманқұлов.

Құрылыс компаниясынан шығынды өндіру туралы сот шешімі де бар. Алайда айтуларынша, компания соған қарамастан қызметін тек Ақтөбеде емес, көрші өңірлерде де жалғастырып жатқанын айтады.

"7 миллион 100 мың теңге, сосын 13 миллион 900 мың қолма-қол бердік. Үй салып берем деген. Содан үйімізді де салған жоқ. Алдап кетті. Әлі осы халықты алдайды. Жарнама береді, шақырады. Тіпті Ақтөбе, "Атыраустрой", "Орал строй", "Ақтаустрой" деген фирмалары жетеді. Алдап жүр", - деді Талғат Өстекенов.

Тұрғындар қаншама адамды сан соқтырған құрылыс компаниясының басшыларын қылмыстық жауапқа тартуды талап етіп отыр. Алайда тәртіп сақшылары бірнеше рет істі жауып тастаған. 

"Құрылыс компаниясына қатысты қылмыстық іс қысқартылды. Себебі бұл жерде қылмыс құрамы болмаған. Жәбірленушілерге азаматтық сотқа ұсыныс берілді. Келтірген шығынды сот арқылы арыз жазуға мүмкіндігі бар", - деді Ақтөбе облысы полиция депаратаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Құрылыс компаниясының директоры екі жүздей адамға көрсетілмеген қызмет үшін қарыздар екенін мойындайды. 

"Шот жабық тұр. Бұл – бір. Сосын 2022 жылы бұғатталған. Көп адамның ақшасын төлеп тастадым. Екі жүз адамның. Сосын қалған адамдарға, бұйырса, жайлап, беремін", - деді компания басшысы.

Компания директорының уәдесінен шаршаған тұрғындар ол қылмыстық жуапқа тартпайынша, мәселе шешілмейтінін айтады.

Дереккөз: КТК

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2160382-aldap-ketti-aqtobelikter-qurylys-kompaniiasynyng-basshylygyn-zhauapqa-tartudy-talap-etti-video/