Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

12 қыркүйек – мемлекет және қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлының туған күні

Жарияланған күні:

Алтынбек Сәрсенбайұлы
Алтынбек Сәрсенбайұлы. Фото: sn.kz

Бүгін, 12 қыркүйек – мемлекет және қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлының туған күні. Ол тірі болғанда биыл 62 жасқа толар еді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Алтынбек Сәрсенбайұлы 1962 жылы 12 қыркүйекте Алматы облысының Нарынқол ауылында дүниеге келген. Ол өзінің қоғамдық-саяси қызметімен және қоғамды демократияландыруға деген талпынысымен танымал болды.

Сәрсенбайұлы өзінің еңбек жолын журналистика саласында бастаған. 1985 жылы осы мамандық бойынша М.С. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін тамамдады. Кейін Қазақ телеграф агенттігінде, "Арай-Заря" журналының редакторы, "Өркен-Горизонт" газетінің бас редакторы болып қызмет етті.

Оның бұл саладағы жетістіктері оны 1999 жылы Қазақстанның ақпарат және мәдениет министрі қызметіне дейін жеткізді. Кейінірек Қазақстан қауіпсіздік кеңесінің хатшысы, ал 2002 жылғы ақпаннан 2003 жылғы қарашаға дейін Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі болды.

2003 жылы Алтынбек Сәрсенбайұлы мемлекеттік қызметтен кету туралы шешім қабылдап, отставкаға кетуге президентке арыз берді.

Сәрсенбайұлы Қазақстанға оралған соң 2003 жылдың қарашасында "Ақ жол" демократиялық партиясының тең төрағасы болып бірауыздан сайланды.

2004 жылы парламент сайлауы кезінде Алтынбек Сәрсенбайұлы үш айдай ақпарат министрі қызметіне қайта оралды.

Осы уақыт аралығында ол елдегі тәуелсіз басылымдарға қолдау көрсетіп, оларды ресми тіркеуге белсенді атсалысты. Сонымен қатар ол бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты жаңа заң жобасын ұсынды. Оның мақсаты – сөз бостандығын қорғау және журналистердің құқықтарын кеңейту болатын.

Алайда ол өткен парламент сайлауын әділетсіз деп наразылық білдіріп, қызметінен өз еркімен кетті. Ол өз отставкасын саяси ахуалға деген наразылықтың символы ретінде пайдаланды.

Қайраткер 2005 жылдан бастап өмірінің соңына дейін оппозициялық "Нағыз Ақ жол" партиясының тең төрағасы қызметін атқарды. Сонымен қатар, "Әділетті Қазақстан үшін" республикалық қозғалысының төралқа мүшесі ретінде де белсенді жұмыс істеді.

Осыдан 18 жыл бұрын журналист, саясаткердің денесі көмекшісі Бауыржан Байбосынов және жүргізушісі Василий Журавлевпен бірге Алматы қаласының сыртынан табылды. Қылмысқа Ұлттық қауіпсіздік комитеті "Арыстан" тобының офицерлері қатысқан. Сот қылмыскер деп таныған бұрынғы полицейді өмір бойына бас бостандығынан айырды.

Кісі қолынан мерт болған қайраткердің атынан 2006 жылы қор құрылды. Бұған ағасы Рысбек Сәрсенбайұлы негіз болған.

2022 жылы Алтынбек Сәрсенбайұлының есімі Алматы облысындағы Сарыжаз мектебіне берілді. Шешімді облыстық мәслихат қабылдаған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2160507-12-qyrkuiek-memleket-zhane-qogam-qairatkeri-altynbek-sarsenbaiulynyng-tugan-kuni/