Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Талдықорғанда жоғары лауазымды шенеунік пен үш дәрігер сотталды

Жарияланған күні:

Ер адам
Костюм киген ер адам. Көрнекі сурет: Mckyartstudio / Getty Images

Талдықорған қалалық соты сыбайлас жемқорлық жасады деген айып тағылған тоғыз адамға қатысты қылмыстық істі қарады. Бұл туралы Жоғарғы сотқа сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Жоғарғы соттың Telegram-дағы ресми арнасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, біреуі пара алғаны үшін (ҚК-нің 366-бабының 3-бөлігінің 4-тармағы); үшеуі пара алу бойынша делдал болғаны үшін (ҚК-нің 368-бабының 2-бөлігі, 1-бөлігі); бесеуі пара бергені үшін (ҚК-нің 367-бабының 1-бөлігі) сотқа тартылған.

"Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитеті департаментінің медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінің басшысы делдалдар – Панфилов аудандық ауруханасының травматологы, Сарқан аудандық ауруханасының психиатры және Ақсу аудандық ауруханасының УЗИ дәрігері арқылы бес пара берушінің мүгедектігін ұзартқаны және белгілегені үшін бірнеше рет 450 мың теңге пара алған", - делінген сотта.

Сотталушылардың іс-әрекет жасағаны үшін заңда жазаның баламалы түрлері қарастырылған.

Жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайларға сотталушылардың шын жүректен өкінуі, жасалған құқықбұзушылықтың мән-жайы туралы сотқа шынайы хабарлауы, оны ашуға белсенді түрде жәрдемдесу (бір сотталушыны қоспағанда), кейбір сотталушылардың жас балаларының болуы және мүгедектігі жатады.

Пара алушының құқықбұзушылық жасауы, сол арқылы өзі қабылдаған антын бұзуы жауапкершілікті ауырлататын мән-жай ретінде қарастырылған.

Сот өкілдерінің мәлімдеуінше, айыпталушылар кінәлі деп танылып, оларға мынандай үкім шыққан: бөлімнің бұрынғы басшысына Қылмыстық кодекстің 366-бабының 3-бөлігінің 4-тармағы бойынша 8,7 млн ​​теңге (параның 60 еселенген мөлшері) айыппұл; травматологқа Қылмыстық кодекстің 368-бабының 2-бөлігі бойынша 9 миллион теңге айыппұл (параның 20 еселенген мөлшері); психиатр мен УЗИ дәрігеріне Қылмыстық кодекстің 368-бабының 1-бөлігі бойынша сәйкесінше 300 мың теңге және 700 мың теңге (параның 10 еселенген сомасы) айыппұл; бес пара берушіге Қылмыстық кодекстің 367-бабының 1-бөлігі бойынша 450 мыңнан 1,5 миллион теңгеге дейін айыппұл салынды.

"Айыппұлды төлеуден жалтарған жағдайда төленбеген бөлігі бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылады. Үкім заңды күшіне енген жоқ", - делінген Жоғарғы сотта.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2160543-taldyqorganda-zhogary-lauazymdy-sheneunik-pen-darigerler-sottaldy/