Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда әскерге шақыру жасын 20-ға дейін көтеру ұсынылды

Жарияланған күні:

сарбаздар
Сарбаздар. Көрнекі фото: Рixabay.com

Қазақстанда мерзімді әскери қызметке шақыруды 18 жастан 20 жасқа дейін көтеру үшін петиция жарияланды. Қазір петиция модерациядан өтіп жатыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

E-Petition сайтында "Мерзімді әскери қызметке шақыру жасын көтеру туралы" жаңа петиция жарияланды. Қазір петиция 50 дауыс жинап, модерациядан өтіп жатыр.

Петиция авторлары әскерге шақыру жасын 18 жастан 20 жасқа дейін көтеруді ұсынады. Олардың сөзінше, 18 жастағы жастар Отан қорғауға жеткілікті дайын болмайды. Ал 20 жастан асқаннан кейін олар психологиялық әрі физикалық жағынан дайын болады.

Сонымен қатар петиция авторлары 18 жастағы біраз жастың білім алып жатқанын атап өтті.

"Бұл жаста әскерге шақыру олардың білім алу үдерісін үзіп, болашақ мансаптарына және кәсіби өсуіне теріс әсер етуі мүмкін", - дейді петиция авторлары.

Олар осы арқылы әскердегі құқықбұзушылықтар азаюы мүмкін екенін айтты. Себебі ересек адамдар әдетте үлкен жауапкершілік алып, өзін-өзі тәртіпке сала алады.

"Психологиялық зерттеулер көрсеткендей, әскерге үлкен жаста баратын жастар қызметтен көп қашпай, әскерден көп жалтармайды. Өйткені олар әскери борышқа саналы және дайындалып барады. Кейін осындай жағдайлардың санын азайтуға мүмкіндік аламыз", - деп жазды авторлар.

Сондай-ақ петицияда ересек жастағы шақырылушылар әдетте қажетті дағдыларды тезірек меңгеретіні айтылған. Петицияда Швеция, Германия, Швейцария және Австрия елдерінде де шақыру жасы 19-20 жастан басталатыны туралы айтылады.

"Мұндай жастағы шақырылушылар физикалық және моральдық жағынан жақсырақ дайын. Бұл армияның жауынгерлік дайындығы мен тиімділігін арттыруға септігін тигізеді. Бұл жастардың өмір сүру сапасын жақсартып, елдің қауіпсіздігін арттыру үшін шақыру жасын реформалаудың керегін көрсетеді. Шақыру жасын 20-ға дейін көтеру әскери қызметтің тиімділігін жақсартып, жас азаматтардың мүдделерін қорғайтынына және Қазақстанның қорғаныс жүйесінде оң өзгерістерге әкелетініне сенімдіміз", - делінген петиция бастамашыларының құжатында.

Бұған дейін Қазақстанда мерзімді әскери қызметті алып тастау туралы петиция пайда болған. Петиция авторлары кейінгі уақытта елде әскерде өлім-жітім көбейгенін айтты.

Айта кетейік, Маңғыстау облысындағы полигонда мерзімді әскери қызметтегі сарбаз қайтыс болған. Қасақана өлтірді деген күдікпен взвод командирі ұсталды. Қорғаныс министрлігі мән-жайды анықтайтын арнайы комиссия құрылғанын хабарлады.

Биыл маусымда Жамбыл облысында әскердегі сарбаз клиникалық өлімге ұшырап, комаға түскен. Кейін Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Руслан Жанғулин зардап шеккен сарбаздың жағдайы туралы айтып, тергеудің кейбір мәліметтерін жариялады.

Оған дейін Жетісу облысында бірнеше ай бұрын әскердегі қызметші қайтыс болды. Ресми мәліметтер бойынша, өлім себебі менингит деп көрсетілген. Алайда жас жігіттің туыстары бұл нұсқаға сенбейді.

Былтыр қазанда Маңғыстау облысындағы Ақтау гарнизонында белгісіз зат жарылып, әскердегі сарбаз қаза тапты. Тағы бір оқиға қараша айында Петропавлда болды. Онда Ұлттық гвардияның әскери қызметшісі кездейсоқ атылған оқтан жарақат алып, көз жұмды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2160627-qazaqstanda-askerge-shaqyru-zhasyn-20-ga-deiin-koteru-usynyldy/