Балалар омбудсмені оқушылар арасындағы бұзақылықты азайту жолдарын ұсынды
Жарияланған күні:
Динара Зәкиева Қазақстан мектептерінде балалар арасындағы бұзақылыққа қатысты оқиғалар белең алғаны себепті әр мектепке инспекторларды қайтару керек екенін айтты. Бұл туралы омбудсменге сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Instagram-дағы парақшасында жақында мектеп оқушысы қаза болған Ақтөбе облысының Қопа ауылына барғанын хабарлады.
Зәкиева аудан прокурорымен бірлесе отырып, оқушылар арасында анонимді сауалнама жүргізгенін, сондай-ақ өткен жылы психолог жүргізген сауалнамаға талдау жасағанын айтты. Мектептегі балалар арасында үлкендері кішілерді "тәрбиелейтін" "жүйе" бар екені, сондай-ақ бопсалау белгілері және шұғыл араласуды қажет ететін басқа да мәселелер анықталған.
Сонымен бірге, уәкілдің айтуынша, кәмелетке толмағандар арасындағы қорқыту мен қылмыс мәселесі барлық өңірде өзекті болып отыр.
"Балалардың құқықтарын қорғаудың және қылмыстың алдын алудың біртұтас жүйесін құру үшін оларды шешу өте маңызды болып тұрған бірнеше мәселе бар. Қазір біз олармен мемлекеттік органдармен бірлесе жұмыс істеп жатырмыз.
Әрбір мектепке кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторды ( кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекция) қайтару маңызды. Бұған дейін әр мектепте өз инспекторы болған, бұл оң нәтиже берген. Кейін инспекторлардың көбі учаскелік полиция бөлімшелеріне ауыстырылды", - деді Зәкиева.
Қопа ауылы орналасқан Темір ауданында 27 мектепке бар болғаны үш кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекция қызметкері бар, ал ауылдар арасындағы қашықтық – 2-3 сағат, дейді балалар омбудсмені. Бұл ретте облыста 430 мектеп болса, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекцияда бар болғаны 60 қызметкер жұмыс істейді. Бұл мектептердегі жағдай туралы ақпараттың жеткіліксіздігіне және балалар арасындағы құқық бұзушылықтардың өсуіне әсер етеді.
Сондай-ақ, Зәкиеваның айтуынша, балалардың құқығын қорғауға және барлық қажетті шараларды үйлестіруге жауапты, бақылау функциялары бар және әр жағдайда нәтиже үшін жұмыс істейтін жергілікті орган іс жүзінде жоқ.
"Қазір біз қорғаншылық органдарын білім беру басқармаларынан бөлек құрылымдарға – балалар құқығын қорғау департаментіне немесе басқармаға бөлу мәселесін пысықтап жатырмыз", - деді омбудсмен.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2161134-mektepterge-inspektordy-qaitaru-kerek-balalar-ombudsmeni-ongirlerdegi-zhaittarga-bailanysty-usynys-zhasady/