Бір жылда екінші рет қайталанған: мас күйде анасын балағаттаған ұлытаулық 10 тәулікке қамалды
Жарияланған күні:
Ұлытау облысының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында алкогольдік мас күйінде отбасылық жанжал шығарған азамат А.-ға қатысты әкімшілік істі қарады. Бұл туралы сот Instagram-дағы парақшасында хабарлады
Сотта анықталғандай, азамат А. өзінің үйінде анасына балағат сөздер айтып, оның тыныштығын бұзып, оған құрметсіздік танытқан.
"Бұл әрекеттер азамат А.-ның әкімшілік жауапкершілікке тартылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасаған құқық бұзушылығы болып табылады. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-бабының 2-бөлігіне сәйкес, құқық бұзушылық отбасы-тұрмыстық қатынастарда адамдарға сыйламаушылық көрсетіп, олардың тыныштығын бұзатын әрекеттерге жатады.
Сот, іс материалдарын зерделеп, тараптардың түсініктерін тыңдап, азамат А.-ға 10 тәулікке әкімшілік қамау түрінде жаза тағайындады", - деп жазды Ұлытау облысы әкімшілік құқық бқзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты.
Соттың пікірінше, басқа жазаны қолдану азамат А.-ның қоғамға қауіпті іс-әрекеттерін түсінуіне жеткіліксіз болады.
Сонымен қатар сот азамат А.-ның мінез-құлқына ерекше талаптар қойды. Үш ай мерзімге алкогольдік ішімдіктерді ішуге тыйым салынып, осы уақыт аралығында ол айына төрт рет учаскелік полиция пунктіне профилактикалық әңгімелесуге келіп тұруға міндеттелді.
Сот қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2161833-bir-zhylda-ekinshi-ret-qaitalangan-mas-kuide-anasyn-balagattagan-ulytaulyq-10-taulikke-qamaldy/